Байқоңырдың жүздеген нысаны Қазақстанға қайтарылады

0
142

Премьер-министр Ресей «Байқоңыр» кешеніндегі 234 нысанды Қазақстанға қайтаратынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.Сенат депутаттары жолдаған сауалға жауап берген Үкімет басшысы осылай деді.

Бектеновтің айтуынша, «Байқоңыр» ғарыш айлағының ұшыру алаңдарын жаңғырту мақсатында «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің объектілерін жаңғыртуды көздейтін «Бәйтерек» жобасы іске асырылып жатыр. Салаға инвестициялар тарту үшін инвесторлардың «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне баруы ұйымдастырылады.

2022 жылғы 2 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссияның 8-ші отырысының хаттамасын орындау шеңберінде Ресей тарапы жалға алушылар құрамынан шығаруға ұсынылатын 234 объектінің тізбесін ұсынды. Олардың базасында 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құра отырып, өндірістерді ұйымдастыру жоспарланып отыр, – деді Үкімет басшысы.

Ғарыш саласы инвестицияларды мемлекеттік қолдау шеңберінде басымдыққа ие. Үкіметтің 2016 жылғы 14 қаңтардағы  № 13 қаулысымен бекітілген инвестициялық жобаларды іске асыру үшін басым қызмет түрлерінің тізбесіне ғарыш аппараттарын, жүйелерін өндіру, жөндеу, техникалық қызмет көрсету және т. б. сияқты қызмет түрлері жатқызылған.

Туризмді дамыту мақсатында 2023 жылғы қыркүйекте «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру шеңберінде тараптар оның базасында ғарыш техникасының үлгілері мен макеттерін орналастыра отырып, музей кешенін құру үшін «Гагаринский старт» 1-ші және 2-ші алаңын одан әрі пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлейді.

«Зенит-М» ғарыштық зымыран кешені нысандарының туристік тартымдылығын жақсарту үшін тур бағдарламасы әзірленді, зымыран қозғалтқыштары, «Союз-5» зымыранының макеті орнатылды, киіз үй орнатылып, «Этноауыл» экспозициясы және т.б. жасалды.

Бұдан басқа, «Байқоңыр» кешенінің «Крайний» әуеайлағының әуе кеңістігін пайдалану және кешенде тұрақты әуе қатынасын қалыптастыру мақсатында Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында мемлекеттік органдар мен аккредиттелген ұйымдардың келісімінде тұрған Келісімнің жобасы әзірленді, – деді Олжас Бектенов.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.