Балабақшада қызды аяусыз ұрған бала видеоға түсіп қалған

0
676

Оқыс жағдай 27 шілде күні №47 балабақшада болған. Ұл баланың қызды соғып жатқаны бейнекамераға түсіп қалған. Видеодан баланың қызды 6 минут бойы бетінен ұрып жатқанын көруге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Жазба авторының айтуынша, қызын алып кетуге келгенде оның бет-жүзінен өзгерістерді байқаған.

“Бірден көзіме түсті, беті, ерні ісіп, көгеріп кеткен. Ауыз қуысында үлкен гематома пайда болыпты, беттің оң жағы мүлде қозғалмайды. Өйткені ісініп, жансызданып қалған. Қызым жылай бастады. Ол өзі ештеңе айта алмайды, енді ғана сөйлеп үйреніп жүр. “Соққы іздері қайдан пайда болды?” деген сұрағыма балабақша тәрбиешісі мен күтуші жауап бере алмады. Олар тіпті баланың бетіндегі соққы іздерін байқаман”, – деп жазды қыздың анасы.

Болған жағдай туралы әйел балабақшадағы басқа балалардан білген. Олардың айтуынша, ТимофейД. есімді бала қызды әбден соғып тастаған. Сондай-ақ Тимофейдің зәбір көрген қыздан 7 ай үлкен екені белгілі болды.

“Қызыма алғашқы көмек көрсетілмегендіктен бірден 103 пен 102-ге хабарластым. Дәрігерлер бас терісінің жұмсақ тіндері зақымданып, қызымның ерні мен беті көгергенін айтты. Видеодан Тимофейдің қызымды ұрып жатқанын көруге болады. Қызым ауырсынып жылап жатқан. Бірақ ешкім көмекке келмеген”, – дейді ашынған ана.

Бейнежазбада өзінен кішкентай қызды бетінен ұрып жатқан бала жан-жағына қарап, әлдекім келіп қалмады ма дегендей қарап қояды. Ол төсекте жатқан қызды орнынан тұруға мүмкіндік бермей, 6 минут бойы ұрған.

Оқиға кезінде тәрбиеші әдістемелік іс-шараларға құжаттарды дайындағандықтан бөлмеде болмаған. Күтуші балалар жатқан бөлмеге 30 минуттан кейін келген.

“Балабақша әкімшілігі тәрбиеленушілердің өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында жоспардан тыс өндірістік кеңес өткізді. Тәрбиеші мен оның көмекшісіне қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды”, – деп пікір білдірді білім басқармасы.

Полиция бейнебақылау камерасындағы бейнежазбаларды алды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Фото көрнекілік үшін алынды.