Бес ауыл жерінен айырылып қалуы мүмкін
2005 жылы кооператив төрағасы ауылдың алқабын кепілге қойып, 21 млн теңгеге несие алған.Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы бес бірдей ауыл екі жарым мың гектарға жуық жерінен айырылып қалуы мүмкін деп хабарлайды Democrat.kz. Ақпараттық порталы Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Себебі осыншама ауқымды алқап кезінде несие беруші компанияға кепілге қойылып кеткен. Бұдан бейхабар халық хаттамаға келісім беріп, сырттай қол қойылғанын енді білген, деп хабарлайды 31-арнаның «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы.
Қазығұрт ауданындағы Махамбет ауылының халқы 3 жылдан бері жерін даулап келеді. 2005 жылы кооператив төрағасы ауылдың алқабын кепілге қойып, 21 млн теңгеге несие алған. Оның 3 млн теңге берешегін бергенімен қомақты соманың қалған қарызынан құтылу үшін қордағы қосымша жер өтемге кеткен. Ал сол кездегі төраға қайтыс болған.
«Терісбұлақтағы тауда 710 гектар жайылымымызды, Төбебұлақтағы 1180 гектар жайылымымызды беріп, несие жапқан. Кейін кепілден босаған соң жерді халыққа бөліп берген», – деді Махамбет ауылының тұрғыны Сансызбай Әшіров.
Кепілден босатылған жерді 2011 жылы жұрт жаппай жалға ала бастаған. Тіпті ұзақ мерзімді пайдалануға әкімнің шешімі шығып, мемлекеттік актіні де қолына алған. Алайда көпке ұзамай 2440 гектар жер несие беруші компанияның кепілдігінен босатылмаған болып шығады. Содан бері жұрт соттың табалдырығын тоздырумен жүр.
Фото интернеттен алынды.