Білім сапасы ең төмен мегаполис: Білім басқармасының басшысы жоқ.

0
254

HAN-TV телеарнасының хабарлауынша, Қазақстан бойынша білім сапасы ең төмен аймақ — Шымкент қаласы екен деп жазады Democrat.kz.

Шымкент қаласының Білім басқарма басшылығының орны әлі бос тұр. Мұнан бөлек, бұл басшылық орынға отырғандардың уақыты ұзаққа созылмауы да бұл өңірдегі білім сапасына кері әсерін тигізіп-ақ жатыр.

«Қазақстан бойынша 20 өңір бар болса, білім сапасы бойынша солардың ең соңғы орнында — Шымкент қаласы тұр» дейді Білім басқармасының бұрынғы қызметкері Әсет Шорахмет.

Білім саласына бас ауыртатын адамның болмауынан жағдай осыған келді дегенді алға тартқан Білім саласы ардагерлер қоғамының Жолдасбек Күздеубаев: «Кезінде экс-министр Аймағамбетовтің тұсында шыққан «мектеп басшыларын 5 жылда ауыстыру» сияқты заңдары да білім сапасына кері әсерін тигізгені анық.

Ал ең бастысы бұл жерде Білім басқармасына мықты басшы келуі керек. Білім басқармасының барлық қызметкерлерін қайта іріктеу керек. Әлі күнге хабарлар келеді, «мектепке басшылық пәлен ақшамен жұмысқа тұрды, мұғалім пәлен ақша беріп жұмысқа кірді» деген.

Ақшамен мектепке жұмысқа тұрған адамда қандай білім болсын? Міне, осы коррупцияның тамырына балта шабу керек. Бізге ең түсініксіз жағдай — неге қала әкімі әлі күнге дейін Білім басқармасының басшысын тағайындамай отыр?

Тиісті заңға сай, конкурс жариялануы керек. Алайда әлі күнге дейін конкурс жарияланбады. Неге? Әлі күнге дейін Білім басқармасында міндетін атқарушы ретінде әкімдіктің бір адамы отыр. Білім саласына қатысты мәселемен барған ешкім ол міндетті атқарушы адамды орнынан таппайды», — дейді.

Дәл осы мәселеге қатысты Білім саласы ардагерлер қоғамы төрағасының орынбасары Аманбек Ахметбаев: «Білім саласының басшыларын басқа жақтан алып келуді қою керек. Жергілікті адамдар бұл жақтағы проблемаларды жақсы біледі. Мегаполис аталатын Шымкенттен Білім басқармасын басқаратын бір адам шықпағаны ма?

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Фото көрнекілік үшін.