“Бишімбаев Назарбаевқа қатысты бір ақпарат айтып қояды”
Тәуелсіз журналист Дина Елгезек экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Dalanews.kz.
Белсенді қоғамды дүрліктірген бұл істі «ұлтымыздың трагикомедиясы» деп атады.
«Бұл — бізді басқарып отырған ұры жүйенің нақ көрінісі. Іріп-шіріген жүйенің көрінісі деп айтуға болады. Қуандықтың өмірін алайықшы мысалы, 40-тан асып кеткен жігіт. Өмірі қалай басталды? Қазір түрмеде.
Қуандық керемет тасып бара жатқан ақылынан, асып бара жатқан білімінен үлкен қызметтерді иеленген жоқ. Ол көп жыл бойы билік элитасының құрамына кірді. Жиырма-отыз жылдар бойы. Экономика министрі қызметін атқарды, ұзақ жыл Кәрім Мәсімовтің қасында жүрді, агенттіктерді басқарды. Яғни 20-30 жыл бойы елімізді басқарған элитаның құрамында болды», — деді журналист Barys Media-ға берген сұхбатында.
Сондай-ақ, Дина Елгезек Бишімбаевтың асығы неге алшысынан түскені жөнінде тың дерек айтты.
«Себебі ол — Назарбаевтың досының ұлы. Назарбаевтың досының ұлы болғандықтан, ол ешқашан қызметтен түскен жоқ, ең бай бағлан жігіттердің бірі болды. Оның түкірігі жерге түскен жоқ.
Бір күні қызметте жүріп, Назарбаевқа қатысты тілінен жаңылып, дұрыс емес ақпаратты айтып қояды. Сол Назарбаевтың құлағына жетеді. Одан кейін дереу арада жемқорлық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады, 10 жылға сотталып кетеді.
10 жылға сотталып кеткен адамды Назарбаевтың досының ұлы болғандықтан, екі-ақ жыл түрмеде отырғызады да шығарып жібереді. Оларға заң жоқ, заң жүрмейді. Бес тауық ұрлап, бес жылға сотталып кеткен жігіттер бар екен. Біздің жүйенің іріп-шірігендігінің көрінісі.
Ол бір рет үйленеді, тастайды, екінші рет үйленеді, тастайды, үшінші рет үйленгенде Салтанатты әйелдікке алады. Біреудің үлпілдеп отырған қызын айуандықпен өлтіреді», — деді белсенді Barys Media-ға берген сұхбатында.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.