Біз неге өзімізден жеріген халықпыз?

0
243

Кейінгі кезде неке жаңарту деп өзге елге барып, киімін киіп, дәстүрін жасап, соңынан қолын жайып, бата жасап отыру сияқты микс, түсініксіз дүниелер пайда болды. Одан бұрын түрлі вечеринкалар болатын. Валентині, гендер партиі, т.б ол бар.

Кеше екі күйеуімен бір дастарханда емен-жарқын отырмын дегендей видео тараған. Жалпы кімнің неше күйеуі, неше әйелі болмады. Түрлі тағдыр болады. Оны қазақ қашан жар салып, айтқан. Жариясыз шешті. Мақсат қоғамды бүлдірмеу, зиянын тигізбеу болатын.

Әркім кіммен, қалай өмір сүретінін өзі біледі ғой. Ол ешкімге қызық та, қажет те емес. Қазір бәрі ақылды, прокаченнный, осознанный. Ешкімге ешкімнің ақылы қажет емес. Дегенмен отбасылық мәселелері өз ошағында қалғаны жөн деп есептеймін. Өз үйіңде, әулет, отбасы шеңберінде қалай өмір сүретініңді өзің білесің. Әркім өз құндылығымен өмір кешкені жөн. Мақтанамын деп қоғамға түрлі кірме форматты, модельді тықпалап керегі жоқ. Қоғам — ортақ үй. Өзгені сыйлау, құрметтеу керек.

Айтылмайтын әңгімелер, көрсетуге болмайтын дүниелер болады. “Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді” дейді.

Біз атам заманнан өз менталитеті, өзінің қайталанбас құндылығы бар аса қасиетті халықтың ұрпағымыз. Өзімізге де, ұрпаққа соны сіңіргіміз келеді. Себебі ол ең таза, ең түзу, ең қауіпсіз жол.

Бүкіл әлем қазақты зерттеп, оның құндылықтарына таңғалып, жақсымызды алып жатқанда, өзінен жерігенді көру қандай күлкілі һәм қорқынышты.

Қазақ өзінің ұрпағына әлемде теңдесі жоқ мектеп қалдырған. Жақсы өмір сүрудің дайын концепциясын мұра етті. Басқасын айтпағанда, бір ғана мақалы мен мәтелінің өзінде қанша құнды дүние жатыр.

Қазір эзотерикалық ілім, т.б қаптап кетті, кей адамдар не боларын білмей жүр. Дәл қазіргідей масштабты болмаса да, мұндай бұрын да болған. Бұрын адамды бойына сіңген ұлттық құндылығы, тамыры мықтап ұстап тұратын. Қазіргідей солқылдақ емес еді. Дүниені көру, тамашалау, саяхаттау бөлек, үйіңе сүйреп әкелу бөлек.

Мысалы біз шетелге ерте шықтық, сонау есігі тарс жабық заманда, бала кезде, мен тіпті 3-сыныпта оқып жүргенде 3 ай Киевте тұрғам, тәуелсіздік алған жылдары да алғашқылардың бірі болып шетел астық, сонда өмір сүрдік, ол кезде де баламыз, кейін де әлемді араладық, еліктеудің көкесін көрсететін албырт шақтамыз, бірақ ешқашан біреудікін сүйреп әкелмеппіз. Әлі күнге сол.

Кейінгі жылдары адамдарды таңғалдырып, табындырып келе жатқан әлемдік психологтарды да, психологиялық кітаптар мен ілімдердің бәрін сол кезде, 20 жыл бұрын оқып қойғанбыз. Бірақ басымызбен кетпедік, керегін ғана алдық.

Өз құндылығы жоқ, өзгеге өзеуреп өмір кешеді. Өзін сыйламағанды, өзін менсінбегенді, өзін қадір тұтпағанды өзге де қадірлемейді.

Жанар ШАМЕЛЬ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.