“Бізде ажырасқан әйелдің абыройы артады” дейді
Әйел күйеуінен ажырасса, қоғамда екінші сорттағы адамға айналуы — көп елде кездеседі. Мұндай жағдай әсіресе діни наным-сенімі басым елдерде әлі күнге дейін бар.
Алайда күйеуінен ажырасқан әйелдің абыройы бұрынғыдан д арта түсетін бір ел бар екен. Ең қызығы, бұл ел халқы Ислам дінін ұстанады, яғни мұсылмандар. Ол қай ел?
Бұл — Африканың солтүстік-батысында орналасқан араб елдерінің бірі — Мавритания. Халық саны — 4,5 милионнан астам. Бұл ел Франциядан 1960 жылдары тәуелсіздігін алған.
Сахара шөлінде орналасқан Мавританияда әйелдер үстемдігі жүреді. Еркек қаламаса, әйелі ажыраса алмайтын Ислам дінінің заңы бұл өлкеде басқаша жұмыс істейді.
Мавританияда “ажырасқан әйелдер базары” деп аталатын жер бар. “Ажырасқан әйелдер” базарында келіншектер бұрынғы отбасынан қалған заттарын сатады.
Бұл елде ажырасқан әйел саны өте көп. Басқа елдегі сияқты емес, бұл жақта ажырасу — кәдімгі қуаныш, той дегенді білдіреді.
Ал мавритан еркектер тұрмыс құрмаған қыздан гөрі, мүмкін болса, ажырасқан әйелге үйленуді дұрыс көреді. Ал ажырасқан әйелдер келесі күйеуін таңдауда еш асықпайды.
“Бізде әйелдер ажырасқанда үлкен мереке ретінде атап өтіліп, той-думан өткізеді. Некеде өмір сүрсең, кіріптар күй кешесің. Ал ажырассаң, бізде нағыз өз өміріңді қалауыңша сүру басталады. Бізде отбасылардың ажырасуына қалыпты жағдай деп қарайды” дейді мавритан келіншек.
Мавритан әйелдері күйеуінен ажырасқан әйелдер өте тәжірибелі болады. Келесі күйеуін таңдауда жаңылысуы аз болады дейді. Сондай-ақ еркектер де әр әйелдің қадірін біліп, келесі әйелін құрметтеуге ұмтылады дейді мұсылман келіншектер.
Мақала төмендегі видео негізінде дайындалды.
Дайындаған: Ұлжан БАҚЫТ.
Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.