Бұл елде мұғалімнің көк тиындық құны қалмаған ба?

0
250

Өткен айда Семейде шырша безендіріп жүріп, биіктен құлап, жарақат алған Қуат Айтқалиға арнайы хабарластық деп жазады Democrat.kz. 

Естеріңізде болса, өткен айда басшылықтың тапсырмасы бойынша Семейдің бас шыршасын құруға барған мұғалім Қуат Айтқали биіктен құлаған еді.

Соның салдарынан жан сақтау бөліміне түсіп, екі аптаға жуық ауруханада жатты.

Қазір ауруханадан шыққан Қуат Айтқалидың денсаулығы 100 пайыз қалпына келмеді. Денсаулығының ендігі жерде толық қалпына келуі неғайбыл екені бесенеден белгілі.

23 жасар мұғалімге әлі ұзақ уақыт емделу керек. Бас сүйегіне зақым келген ұстаз өздігінен жүріп-тұра алмайды.

Алайда басшы-қосшылардың бұйрығын орындау барысында осындай қиын жағдайға тап болған ұстазға «өндірістік жарақат» ретінде өтемақы төлеу мәселесі созбаққа салынатын сияқты.

Биік мінберлерде «ұстаздарды қорғаймын» деуден жалықпайтын министр Ғани Бейсембаев семейлік мұғалімі мынадай жағдайға түскенде не істеді?

Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев жағдайға байланысты «жазалануы керектерді жазаладық» деп қысқа қайырды. Кім, қашан, қандай жаза алды? Ол жазадан Қуат Айтқалидың денсаулығына тамшы пайда бар ма? Белгісіз.

«Жазаладық» дей салу — бәріне оңай. Ал денсаулығы бұзылып,  зардап шеккен мұғалімнің жайы не болмақ? Бұған бас ауыртатын, мұғалімін қорғап, шырылдайтын министрді көрмедік.

Бұл аз десеңіз, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова  «мұғалімнің қосымша жұмысқа тартылғаны құжат арқылы дәлелденсе, жұмыс уақытында тартылған болса, өндірістік жарақат деп танылады. Ал құжат арқылы дәлелдеу мүмкін болмаса, ондай статус берілмейді және өтемақы төленбейтінін» айтты.

Осыған байланысты біз Қуат Айтқалиға арнайы хабарласып, Тамара Дүйсенова айтқан құжаттың бар-жоғын сұрап білдік. Алаңдағы шыршаны құруға директордың жұмсауымен барғанын айтқан ұстаз: «Әрине ондай құжат жоқ. Егер әлгіндей құжат қолымызда болмаса, сонда өз еркімізбен барған болып тұрмыз ба?» дейді.

Ал өтемақы туралы «қазір өзім жұмыс істеген мектеп жазылып, сауыққанша жалақымды толық сақтауды қамтамасыз етумен айналысып отыр. Әкімдік тарапынан әзірге ешқандай көмек берілмеді. Олар істі әлі зерттеуде» дейді Қуат Айтқали.

Семей қалалық әкімдігі бұл істің қай жерін не деп зерттеп жатқаны белгісіз. Әйтеуір сиырқұйымшаққа салып, мәселенің соңын сұйылтып жібермесін деп тілейік.

«Мұғалімді заңсыз жұмысқа жегу» туралы қай мектеп басшысы, қай Білім бөлімі, қай әкім арнайы құжат жасайды? Қазақстанда ондай ақымақ директор-әкімдер бар ма? Әрине, жоқ!

Олай болса, министр Ғани Бейсембаев «жазалап тастағандар» бұл проблемадан ақырын сытылып, шетке шығып, ал жапа шеккен Қуат Айтқалы денсаулығымен алысып жалғыз қала бермек пе? Адам түгілі, малдың да өзіндік құны бар емес пе?

Әлде бұл елде мұғалімнің өзінің де, еңбегінің де, тіпті өмірінің де көк тиындық құны қалмағаны ма, бұл қалай?

Ешбір мұғалім шырша құруға өзі сұранып бармайтынын, ешбір мұғалімге «жұмысқа жегу» туралы басшылық құжат бермейтінін, мұғалімді арзан жұмыс қолы ретінде пайдалану белең алғанын бүкіл ел біледі.

Тамыры тереңге жайылған мұндай сұмырай системадан тек  премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен Оқу ағарту министр Ғани Бейсенбаев қана хабарсыз болғаны, өкінішті…

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото көрнекілік үшін.