«Чемпион болатынымды мамам білген» дейді Елдос Сметов

0
112

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов жаңа жылдан кейін оқуға кетеді. Ол ағылшын тілін үйреніп, білімін жетілдіру үшін Ұлыбритания астанасына аттанбақ, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.

Чемипон өзінің ойларымен, алдағы уақыттағы жоспарларымен Алматыда өткен «Sana-2» бизнес форумында бөлісті. Ол Париж ойындары өтер алдында спортты тастап, тоқтату туралы шешім қабылдамақ болғанын айтты.

«Олимпиадаға үш ай қалғанда Азия чемпионаты өтті. Сол кезде мен 7-ші орын алып, ұтылдым. Жүлдеге де ілінбедім. Әбден ашуланып шықтым. Сол жақтан әкеме телефон ооғып, ұтылып қалғанымды, спортты қоятынымды айттым. Шаршағанымды, жарақат алғанымды, түнде дұрыс ұйықтай алмайтынымды, қысқасы «жалобымды» айтып жатырмын ғой енді спортты қоям деп. Сол кезде әкем Олимпиадаға жолдама алуға алда тағы екі жарыс өтетінін, ұпай жинауға мүмкіндік бар екенін айтты. Сосын «мамама» сөйлестім. Оғанда айтып жатырмын ғой шағымдарымды, ойладым, «балам қойсаң қояғой» деп айтатын шығар деп. Мамам, «бір өтінішім бар, тыңдашы» деді. Айттым, «мама, не айтсаңда сені тыңдаймын ғой, айтағой, не дейсің?» деп. Ойлап тұрмын ғой, бір өтініші, шаруасы бар шығар деп. «Балам, спортты тастама, іштей сезетін сияқтымын, сен Олимпиада чемпионы боласың. Ішкі сезімім алдамайды, сен чемпион боласың, балам» деді. Мен Азиядан жеңіліп, спортты тоқтатам деп жүргенде, Олимпиада чемпионы болатынмды анам білген. Ана жүрегі ешқашан алдамайды», — деді Елдос Сметов.

Елдос Сметов кәсіпкерлерге арналған форумда өзінің болашақ жоспарларымен бөлісті. Спортты қойған соң кәсіппен, бизнеспен айналысатынын жеткізді.

«Қазір кәсібім бар деп айта алмаймын, бірақ болашақта спортты аяқтаған соң кәсіппен айналысам деп ойлаймын. Спортта өзім спорт шыңына шықтым, кәсіпте де «олимп» шыңына шығам деген оймен кәсіпкерлердің арасында ниеттеніп жатырмын.

Ағылшын тілін қолға алып жатырмын. 4-қаңтар күні Лондонға ұшам. Төрт ай сол жерде білім алам. Мен өзіме өзіме ешқашан баға берген және былай деп атйыңдар мен деп талап еткен емеспін.

Бірақ халықтың айтуымен қоғамда батыр атанып, батыр болып жатқан нәрсе елдің атын шығару. Баяғыда ата-бабаларымыз осы жерді найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған болса, қазір бізде білім саласы, ғылым саласы бар, спорт, өзгеде салаларда қазақтың кім екенін көрсету.

Өзім Қазақстанды әлемге танытуда спортшы ретінде спорттың ең биік шыңына жеттім деп ойлаймын», — деді Олимпиада чемионы.

Айта кетейік, Алматыда қазақтілді ортаға арналған «Sana» бизнес форумы өтті. Оған бизнесте, кәсіпте түрлі жетістіктерге жеткен қазақ азаматтары қатысып, ойларын ортаға салды. Форум осымен екінші жыл қатарынан өткізілді.

Фото интернеттен алынды.