Д.Қонаев туралы тарихи шындықтар: КГБ-ға арыз жазғандар мен жала жабушылар туралы

0
111

Әлдекімдер ашық ақпарат кеңістігіне, «Фейсбукқа» «Қонаев 700 қазақ мектептерін жапты» деген ақпаратты үнемі салып отырады. Бірақ бұл цифрды қайдан алғанын, қандай құжаттарға сүйенгенін көрсетпейді. “Тисе- терекке, тимесе- бұтаққа» деп соға салады. Бүгін де жазыпты.

Осы ақпаратты сараптап көрейік. Дінмұхамед Қонаев Қазақстандағы билік басына 1960 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып сайланды.

Бірақ әпербақан, Қазақстанды шашып тастамақ болған Н. Хрущевпен сиыса алмай қызметінен кетті. Араға екі жыл салып, Хрущев қуылған соң, қайта оралды. Бұл қандай кезең еді?

Дімекең билікке келгенге дейін 1954 жылдан бастап, СССР- де, Қазақстанда 20-30 үйлік, бес өгіз, бір соқасы бар мойынсеріктерді бір орталыққа көшіріп, ірілендіру, сол кездегі озық техникамен жабдықталған колхоз, совхоздарға біріктіру науқаны басталып кеткен еді. Мысалы, мен өскен Екпінді ауылына Бірлестік, Қоянкөз, Қарлығаш, Фурманов, Бостандық, Киров, Шілікті мойынсеріктері қосылып, «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозы құрылды. Қоянкөз, Бостандық, Киров, Қарлығаш, Бірлестік, Шіліктіде төрт жылдық қазақ мектептері болыпты. Бұларда бар болса, түске дейін 1 және 2-кластың бірер баласына, түстен кейін 2 және 4-кластың бірер баласына, өзінде де төрт кластық қана білім бар бір ғана мұғалім бір бөлмелі тоқал тамда сабақ беріпті. Осы ауылдар мен мектептер түгел жабылып, жұрты Екпіндіге, Фурмановқа көшірілді. Осыларды жабылған мектеп деп атау қалай болар екен?

Сол тұста менің ауданымда 8 ірі шаруашылық құрылыпты. Енді қанша мектеп жабылғанын есептей беріңіз. 700 деген жай сөз. Әлдеқайда көп.

Бірақ оқушы балаларға өте қолайлы жағдай жасалды. Бірде- бір бала оқусыз қалмады. Жабылған ауылдағы балалар бұрын 4- кластан соң не оқуды біржола ұмытатын, не тума- туыс жағалап, интернат қуалап кететін.

Енді, көшіп барған ауылдағы 8 жылдық мектептерде немесе Екпіндідегі 10 жылдық орта мектептерде ата- анасымен бірге тұрып оқитын болды. Жоғары білімді маман ұстаздардан білім алды. Мұның несі жаман? Керісінше, өте дұрыс шешім қабылданған. Білім сапасы арты, оқушыға қолайлы жағдай жасалды.

Қайталап айтамын: Мойынсеріктерді біріктіру, Тың игерумен қатар Д. Қонаев билік басына келгеннен 8 жыл бұрын басталып, қарқынды жүргізіліп жатқан. Дімекең не істесе де, Мәскеудің бұйрығын тоқтата алмас еді. Тоқтатып та керегі жоқ екенін түсінген боларсыздар.

Айта кетер бір жағдай бар. Мұны Дімекеңе жаны қастар біле ме екен? Москваның қатаң бақылауымен тың игеру қолға алынған 1954 жылдан 1960 жылға дейін Қазақстанды бес бірдей бірінші хатшы басқарды. Олар: Ж. Шаяхметов, П. Пономаренко, И. Яковлев, Л. Брежнев. Көрсең, осылардан көрмейсің бе? 1960 жылы Д. Қонаев келіп, 1962 жылы жындысүрей Н. Хрущевке жақпай қызметтен кетті. Мүмкін сәйкестік шығар 1963- 1964 жылдары тың игеру қайта жанданды. Бұл кезде Қазақстанды Хрущевтің сүйкімдісі И. Юсупов басқарды. Қонаевтың қандай кінасын көріп отырсыздар?

Айтқандайын, КПСС ОК «Совхоздар мен колхоздарды ірілендіріу және Тың игеру толығымен аяқталып, партияның бұл жоспары толығымен нәтижелі орындалды» деген Қаулыны 1961 жылы қабылдады.

Демек, Ірлендіру мен Тың игеру басталғанда Д. Қонаев билікте жоқ. Сұрасаңыздар мектептерді жабу мен Тың игеруді бастап берген Шаяхметов пен Понамаренкодан, жалғастырған Яковлев пен Брежневтен сұраңыздар. Қонаевтың еш қатысы жоқ.

Көпшілік ескермейтін аса күрделі бір жағдайлар бар. Д. Қонаев билікке келердің алдындағы 1959 жылғы халық санағында Қазақстанда 9 309 847 адам болыпты. Мұның 2 784 966 қазақ, бұл барлық қазақстандықтың 29 пайыздайы ғана. Орыстың саны 3 974 221, халықтың 43 проценттейі, қалғаны өзге жұрт. Осындай жағдайда қала халқының неге 20 пайызы ғана қазақ болғанының себебін ұққан шығарсыз. Алматыда қазақ неге аз демес бұрын тарихыңа үңілу керек. Қазақ ежелден қаланы жерсінбеген.

Хош, енді Қонаев биліктен кеткеннен кейінгі 1989 жылғы санаққа келейік. Қазақстанда барлығы 16 464 400 адам тіркеліпті.

Мұның 6 785 760- ы, 40 пайыздан астамы қазақтар. Қонаевтың тұсында қазақтар екі есеге жуық өсіп, 4 000 794- ке жетіпті, өсім өте қарқынды! Орыстан асып түстік!

Қонаев Мемлекет тізігінін ұстаған 24 жылда барлық халық саны 7 миллионнан астам өсіпті. Мына бір жағдайға да назар аударған жөн. М. Тынышбаев 1897 жылығы патша санағы мен 1917 жылғы санақ арасында қазақ саны 25 пайызға өскенін жазады. Енді салыстырыңыз, Қонаевтың тұсында 25 пайыз емес, 100 пайыздай өскен екенбіз! Керемет!!! Тас соқыр болмасаң осыны көрсеңші. Рас 1955- 1962 жылдары қытай қазақтары көшіп келді. Бірақ, олар 200 000 мыңдай ғана.

Қонаевқа тағылар тағы бір жалған жала «Алматыда бір ғана қазақ мектебі болды» деген қасақана соқырлық. Алматыда Қонаев билікке келгенде, рас бір мектеп болды.

Ал кеткенде нөмірі 2, 4, 5, 9 орта мектеп, 12 және 286 мектеп- интернат таза қазақша оқытты. Сонымен қатар Теміржолдың екі орта мектеп- интернаты мен 8 жылдық интернаты қазақ тілінде болды.

Сонда сегіз он жылдық, бір сегіз жылдық мектепте балалар өз тілінде оқыды. Барлығы тоғыз мектеп. Көзіқарақты көпшілік біледі.

Шона ағамыз бастаған ұлтшыл азаматтар үй- үйді аралап балаларын қазақ мектептеріне беруге үгіт жүргізгенде өз қазағымыз үстілерінен КГБ- ға дейін арыз жазып, «Біздің балаларымыз біреуден кем бе, орысша оқиды. Мыналар ұлт араздығын тудырып, халықты бөліп жүр» деп жігерлерін құм қылған. Қазақ мектептеріне бермей қойған. Бұған кім кінәлі, Қонаев па?

Келесі мәселе. Дінмұхамед Қонаев билікке келгенінен кеткеніне дейін осы жағдай қалай өзгерді деп ойланғаныңыз бар ма? Тағы да өз ауданымнан мысал іздейін.

1960 жылға дейін біздің ауданда бір ғана Екпінді қазақ орта мектебі болды. 1986 жылы Дімекең биліктен кеткенде, ауданымда 9 қазақ орта мектебі сапалы білім беріп тұрды.

Осы кезде Қазақстанда 250-ден астам аудан бар- тын. Енді, Дімекеңе жалған жала жабатындар «Қонаев қанша қазақ орта мектебін ашты?» дегенге жауап іздеп көрсін.

250 ауданды менің кішкене ғана ауданымда ғана ашылған 8 орта мектепке көбейтіңіз. 2000- дай екен. Жабылып қалды деп зар жылап жүрген төрт кластық сапасыз 700 мектепті жоғары білімді ұстаздар білім берген 2000-дай орта мектеппен салыстыруға келе ме? Мұны неге атап айтпайсыздар? Барлық жағдай зерделеу арқылы көрінеді. Салыстырыңыз. Дінмұхамед Қонаевқа бейсауат жала жаппайық.

Енді бүгінгі күнге келейік. Бар билік тізгіні өз қолымызда, қыдыңдап тұрған Мәскеу жоқ. Осы 30 жылда не істедік? Тағы да мысалды өз ауданымнан іздейін. Тағы да мектепке келеміз. Қонаевтың тұсында малын мыңдап өрістетіп, егінін жинап, өсіп- өніп жатқан ауылдардың бүгінгі жай- күйі қалай? Жүрек ауырады. Ауданымдағы Салдыркөпір, Жүнжүрек, Майлышат, Шынжылы, Майқан, Бибақан, Кеңес, Изенді секілді құдай табиғаттың бар сұлулығы мен нуын берген ауылдар қаңырап қалды. Көкжар жеке шаруашылық еді. Орны ғана бар. Төрт- бес үй бар ма, жоқ па? Осы ауылдардағы мектептерді іздеп те керегі жоқ.

Қонаевтан кінә іздейтін топтағылар, жұртты ақылсыз санамаңдар. Біз бәрін көріп, ой елегінен өткізе аламыз. Алдымен Қонаевтың деңгейіне жетіп алайық.

Қай заманада да әлжуаз, қолынан шаруа келмейтін билік өзінің сорлылығын көрсетпеу үшін кінәні өзгеден іздейді. Бұл саяси, ең лас технология.

Жетілген мемлекеттер, мысалы, Еуропа бұл технолгияны қолдануды қазір ар санайды. Бізде керісінше, ақы төлесе блогер- млогерлеріміз сұңқылдай жөнеледі. «Ұят» деген категория ұмытылып кетеді. Осы топқа ілеспеңіздер.

Камал ӘБДІРАХМАН,тарихшы.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен.