«Дикий Арман» кімге қызмет еткен?
«Қаңтар оқиғасы» кезінде бүлік ұйымдастырды деп айыпталған — ҰҚК полковнигі Руслан Ысқақовтың хаты арнамыздың назарын аударды, деп жазады DALAINSIDE.
Ресейдің «Новая газетасына» үшбу хат жолдаған Ысқақов өзін ақтауға тырысқан-тұғын. Өзіне шаң жуытпай, кінәнің бәрін өзгелерге үйіп-төккен Ысқақовтың хатында логикаға сыймайтын бірнеше фактор бар.
Алғашқысы: «Үш әріптің» экс-қызметкері «Дикий Арман» деген лақап атпен танылған атышулы Арман Жұмагелдиевті ақтап, қара терге түседі. Әзір абақтыда жатқан бандыны жанжалға басу айтқысы келген адамның кейпінде көрсетуге талпынады.
«Дикий Арманның» биографиясымен жақсы таныс дейді DALA INSIDE. Жұмагелдиевтің былықтарын бұған дейін де жіпке тізген. Қаңтарда халықаралық іздеуде жүрген Арманның шекараны кесіп өтіп, әп-сәтте Алматының алаңынан табылғаны қалай? Бірақ, Ысқақов бұл сұраққа жауап беруден жалтарып кетеді.
Тергеуде белсенді сөйлей бастаған Жұмагелдиев Алматы көшелеріне (бір топ баскесерімен бірге) өзінің тікелей кураторы, Ысқақовтың бұйрығымен шыққанын айтқан.
Демек, бұл экс-КНБшниктің Қаңтардағы қырғынға тікелей қатысы барын көрсетеді әрі оның «Дикий Арман» секілді ОПГ-лармен ауыз жаласқанын дәлелдейді.
Екінші себеп: егер Ысқақов пәрмен бермесе, шетелде бой тасалап жүрген Жұмагелдиев Қазақстанға қалай кірер еді? Кірген күннің өзінде шекарада ұсталып, қол-аяғына кісен салынары анық еді ғой. Белгілісі, «Ысқақов факторы» Жұмагелдиевтің жолындағы барлық кедергі алып тастаған.
DALA INSIDE-ты толғандырып отырған тағы бір сауал: ҰҚК-ның бұрынғы басшылығы іздеудегі қылмыскермен қалай контакт орнатқан, оны өздерінің лас істеріне тартуда қандай бартерге келіскен? Бұның заңға қайшы екені бесенеден белгілі.
Жұмагелдиевтің Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінде қауқарсыз қазақтың балаларын итше тепкілеп жатқан «дикий» әрекетіне бәріміз куәміз.
Ысқақов өз хатында «Самат Әбіш әкімдік ғимаратында қалып қойған полицейлерді шығару үшін Жұмагелдиевтен көмек сұрауды» тапсырғанын айтады. Соншама арсеналы, арнайы жасағы бола тұра КНБ «Дикий Арманның» көмегіне зәру болып қалғаны ма? Өзін ақтау үшін Ысқақов бәрін осыншалық пүшәйман қылып көрсетіп жатыр ма? Әлде шынымен іздеудегі Жұмагелдиевтен алақан жайып, көмек сұраған ба?
Тоқ етері, тергеудегі Ысқақов өзін және істі болған «үш әріптегі» бұрынғы басшыларын ақтау үшін жанын салып жатқаны сезіліп тұр. Оның тікелей басшысы Мәсімовтің айыбы да, кінәсі де сотта дәлелденді. Ысқақов мұны естен шығарса керек.
Фото ашық дереккөзден алынды.