Енді екпеге қарсыларды жазалай ма?

0
271

Елімізде бірнеше айдан бері қызылша эпидемиясы басталып, 11 мыңнан астам адам осы ауру түрімен ауырғаны анықталды. Бұл көрсеткіштің 80 пайызы кішкентай балаларға тиесілі екен.

Соған қарамастан ата-аналар баласына қызылшаға қарсы екпе ектіруге қарсылық танытуын қояр емес. Осыған орай алдағы уақытта Денсаулық министрлігі баласына екпе ектіруден бас тартқан ата-аналарды жазалауды қолға алмақ деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы Orda.kz-ке сілтеме жасап.

2020 жылғы 20 желтоқсандағы Денсаулық сақтау министрлігі екпе ектірмеген баланың саулығына байланысты жауапкершілікті бала баратын балабақша мен сол мекеменің дәрігеріне жүктеу туралы бұйрық шығарған екен. Міне, осы бұйрыққа сүйенген министрлік өкілдері ендігі жерде екпе салдырмаған бала үшін бала баратын мекеме мен сол мекеме дәрігерін жауапқа тартуы мүмкін.

Алайда еліміздегі балабақша мекемелері мен ондағы дәрігерлер аң-таң. Баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-ананы не істейміз дейді олар. Минситрліктің жауапкершілікті өзінен төмен сатыдағы мекемеге жүктеуі қаншалықты заңға және қисынға келетіні белгісіз.

Десек те баланың екпесі болмағаны үшін балабақша мен дәрігерді жазалаудың орнына бәлкім отандық медицина саласындағы олқылықтар мен біліксіздікке бір назар аударса, екпеге қарсылық сырын да анықтар ма, еді, қалай ойлайсыз?

Ешбір ата-ана баласының саулығы үшін бұрыс қадам баспайтыны бесенеден белгілі. Өкінішке қарай, отандық медицина халықтың сенімін жоғалтқаны сондай, қазіргі кезде ата-аналар әр айтқан дәріні алып, әр бұйырған екпені баласына салдырта бермейді.

Өйткені екпенің зардабын тартқан мыңдаған бала туралы жұрт біледі. «Сау балам екпе алған соң сал боп қалды» деп шырылдаған қаншама ата-ана әділдікке қол жеткізе алмай, ауру баласын арқалап жүр. екпенің салдарынан болған зауалды дәлелдей алмай, қаншама ата-ана түн ұйқысын төрт бөліп, науқас баласының ұйқысын күзетіп отыр.

Әйтсе де, мұны мойындайтын біздегі медицина ма? Керісінше, міне мынадай талапты жоғарыдан қойып, төмендегілерді қыса түсуде. Медицинасына сенімі бар халық өзі-ақ баласын жетектеп апарып, екпесін салдыртпай ма?!

Зубайра ЛЕСБЕК,
Democrat.kz

Фото ашық дереккөзден алынды.