Еркек пен әйел теңдігі деген не?
Бір ортада әңгіме үстінде 20 жылдық, 30 жылдық… туралы кездесулер жайлы сөз болды.
Мектеп бітірген бір ауылдың түлектері 20 жылдық кездесу ұйымдастырған ғой. Сөйтсе, қыздар жағы кездесуге келсін десеңдер, біз үшін де төлейсіңдер деп, әйтпесе бармайтындықтарын айтып, жігіттерге шарт қойыпты.
Таңқалғаннан аузым аңқиып қалды.
Жымиып, 9-сыныптарға өткен бір қазақ тілі сабағы еске түсті. 9-сыныптардың қазақ тілі тақырыптары — білім алушының жас деңгейіне де, айналаны тануына, өмірмен байланыстыра білуіне, ізденуге, шығармашылық дамуларына өте дұрыс таңдалған тақырыптар.
Бала құқығы, әйел құқығы отбасылық құндылықтарға ұласады. Үйге берілген тақырыптар бойынша Ж. есімді оқушым ер азаматтар мен әйел азаматтар арасындағы теңсіздік туралы ашына жазып келіпті. Іштеріндегі ойларын шығарту үшін талқылауға тура келді.
Қыздар жағы:
— Ер адамдар әйелдерді кемсітеді.
— Қыздарды проблемаларды шешуге қауқарсыз деп ойлайды.
Ұлдар үнсіз.
Мен:
— Қазақта ер адамды жоғары қояды.«Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген де сөз бар деп айтуым мұң екен, қыздар жағы өре түрегелді.
Отбасын тастап кеткен әкелер туралы айтқанда, ернімді тістеп отырдым.
Ұлдар да қозғалды:
— Еркектердің жауапкершілігі мол. Біз әскерге барамыз. Біз елді қорғаймыз. Біз отбасын асыраймыз.
Екі тарап та біраз ойларын ортаға салды. Іштей дебат үйірмесін ашу керек-ау дедім. Тоқтатпасам, 45 минут сөйлейтін ойлары бар)).
— Жарайды оқушылар, бүгінгі сабаққа өту үшін үй жұмысын қорытындылайық деп, қоғамдағы мәселені сыныпқа бұра салдым:
— Сыныптағы ұлдар мен қыздар тең құқылы дегендер қол көтерсін.
100 % қол көтерілді.
— Және егер ұлдар қыздарды кафеге кофе ішуге шақырса, әркім өзі үшін төлеуі керек. Теңдік деген сондайдан басталады.
Қыздар бақырайып, ұлдар ыыржиып мәз, «рақмет, апай» деп қол соғып жатты.
Олай болса, бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: «Демография» деп, оқу мақсатына сай тақырыпқа кіріп кеттік. Қоңырау соғылған соң, үш-төрт ұл кідіріп қалып, жаныма жақындап, рақметін айтып бара жатты.
Ал енді мектеп бітірген түлектердің пәлен жылдық кездесуде сыныптас-ұлдар кафедегі ішіп-жегенімізді көтерсін дегендеріне жол болсын.
Құрметпен, мұғалім,
Ақмарал ШАТЕМІРҚЫЗЫ.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.