Хиджаб — әйелдің бағы ма, соры ма?
Бүгінде елімізде орамалды арулардың саны айтарлықтай артқан. Әрине, Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан әр адам қандай киім киіп, қай дінді ұстанатынын өзі таңдайды.
Алайда кей кездері бұл қоғам арасында белгілі бір кикілжіңнің туындауына әкеп соқтыруы мүмкін. Мысалы, бұған дейін бірнеше рет кәмелеттік жасқа толмаған оранған қыздардың білім беру орталықтарында жүруіне қатысты мәселе туған болатын.
Қоғамның дінге бет бұруы бұдан басқа қандай мәселелердің тууына түрткі болуы мүмкін? Бұл сұрақтың жауабын Massaget.kz тілшісі дінтанушы Елнар Берікбаевтан сұрап көріпті деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы сілтеме жасап.
Елнар Берікбаев шынымен де Алматының өзінде орамалды арулардың көбейгеніне назар аударды. Ол тіпті бұл үдерістің кейінгі кездері тудырып жатқан қиындықтарына да тоқталды.
«Қаланың медициналық колледждері мен университеттерінде білім алатын студенттер өндірістік тәжірибе кезінде ер адамды тексеруден бас тартып жатыр. Өйткені бұл олардың түсінігі бойынша дұрыс емес.
Шариғатқа сәйкес, әйел мен ер адам некесіз бір-біріне қол тигізуге, тексеруге, бөлмеде жалғыз қалуына болмайды. Ал ол білім алушылардың оқуының ақысы мемлекеттік бюджет есебінен төленетінін ескерсек, бұл үлкен мәселе болуы мүмкін екенін түсінуіміз қажет.
Қазір көптеген студент грантта оқиды, олар кейін мүлде ер адамдарды емдеуден бас тартуы әбден мүмкін. Олар «біз тек әйелдерді қабылдаймыз» десе, билік не істей алады?
Бұдан бөлек, бәріне белгілі, бүгінде педагогикалық университеттерде стипендия көтерілді, осыған байланысты жастар мұғалім мамандығына көп түсіп жатыр.
Иә, олар оқуға түседі, кейін мектепте тәжірибеден өту кезінде қиындық туындауы мүмкін. Өйткені мектепте орамал тағуға болмайды, сәйкесінше, олар тәжірибеден тиісті түрде өте алмайды. Бұл орамалды арулардың көбеюінің алғашқы салдарлары», — деді ол.
Елнар Берікбаев кейбір қыздар орамалды тезірек тұрмысқа шығуға көмектесетін құрал ретінде көретінін жеткізді.
«Орамалды өзінің діни наным-сеніміне сүйеніп киетіндер бар. Орамалды тезірек тұрмысқа шығу үшін қолданатын қыздар да жоқ емес.
Өйткені қазіргі кезде қоғамда оранған, діни көзқарасты ұстанатын қыздарға сұраныс жоғары. Орамал тағу арқылы олар өздерінің тазалығын көрсеткісі келеді. Әрине, бұл бәріне бірдей қатысты емес», — деп түсіндірді маман.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.