Капитан ұшақта ұшу кезінде қайтыс болды

0
158

Turkish Airlines ұшағы капитаны Сиэтлден Ыстамбұлға ұшып бара жатқанда қайтыс болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

«Сиэтл мен Ыстамбұл арасында № TK204 рейсін орындайтын TC-LGR тіркеме нөмірімен Airbus 350 ұшағының капитан-ұшқышы Илчехин Пехливан ұшу кезінде есінен танып қалды.

Алғашқы медициналық көмек нәтиже бермегеннен кейін экипаж шұғыл қонуға шешім қабылдады, бірақ біздің капитан ұшақ қонбай жатып қайтыс болды», – деп хабарлады әуе компаниясының өкілі Яхья Устюн.

Түрік әуе жолдарында 2007 жылдан бері жұмыс істеген ұшқыш 59 жаста еді. Устюннің айтуынша, наурыз айында ол Азаматтық авиацияның бас басқармасы рұқсат берген авиациялық медициналық орталықта қаралған және оның міндеттерін орындауға кедергі болатындай денсаулығында кінәрат анықталмаған.

«Біздің ұшақ Нью-Йоркке қонды, жолаушыларды үйге қайтару Нью-Йорк әуежайы арқылы жоспарланған. Turkish Airlines қайғыдан қан жұтқан оның отбасы мен жақындарына көңіл айтады», – деді авиакомпания өкілі.