Қазақ өз өмірін өзі қиындатқан халық

0
268

Қазақтың салты мен тұрмысын сырттай сараптасаң, артық көп нәрсені ойлап тауып, өз өмірін өзі қиындатқан халық сияқты көрінеді. Кейін әр салтты орындауым керек деген әуремен жүреді. Әуре деген шығын, шығын деген несие…

Үйленудің өзі қаншама рәсім, шарадан тұрады. Бәрі шығын. Әрбірінің тәрбиелік мәні бар деп сол мәнді тағы ойлап тауып алған.

Кісі өлсе, жерлеу де тегін емес. Өткенде ауылдағы бір жолдас жігіт жақын туысымыз дүниеден өтті, жерлейтін күні 1,5 млн теңге жұмсадым. Кейін әр бейсенбілігінде тағы шығындалдық. Қырық күндігі бөлек ақша деп жатыр.

Бір жағы, бұл — қазақтың болмысы, мінезі. Ұлт табиғаты шығар. Бірақ түрік сияқты ұлттарда үйленуі де, жаназасы да артық шығынсыз, мәнімен, сәнімен өтеді дейді. Тойда тек билейді. Өлімде көңіл айтып, шығады. Бізде екеуінде де аста та төк ас-ауқат. Тамақ.

Парижден соң немістің кез келген қаласына барсаңыз, айырмашылықты бірден байқайсыз. Француздар сән-салтанатқа барын салған, аямаған. Ал Германияның тіпті архитектурасында артық элемент байқалмайды. Аскеттер шаһары секілді. Екі ұлттың болмысы.

Біз үнемі біреуге бір нәрсені дәлелдеуге тырысып келе халық сияқтымыз. Сол дәлелдеуіміз көбіне дүние жарыс пен дарақылыққа ұласып кетеді.

Мұның себебі не деп ойланасың. Меніңше, баяғы Маслоудың қажеттіліктер пирамидасына келіп тіреледі. 4-ші деңгей. Көп қазақта «сый-құрметке деген қажеттілік» өтелмей қалған. Ерекше сыйлағанын қалайды. Сөйтіп, ол қажеттілік сыртқа салтанатты шара, ода, мақтау, басқа болып шығады.

Үнемі әлемдік шараларды өткізуге тырысатынымыз да содан ба деймін. Кейін «әлем бізді мойындады, әлем бізді таныды» деп жазғымыз келеді.

Егер адам келесі 5-ші, «тану қажеттілігі» деңгейіне өтсе, өзгереді. Ол кезде саған жұмыста грамота бере ме, жоқ па, тойда сені асаба мақтап таныстыра ма, жоқ па, маңызды болмайды. Саған әлемді, білімді, өнерді тану қызығырақ.

Ұлт та сол 5-ші деңгейге өтсе, біраз артық шара, рәсімнен арылады-ау.

Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ, сарапшы.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.