Қазаққа алыстан жау іздеп қажеті жоқ…

0
162

Не деген ниеті тар қоғам едік? Қазаққа алыстан жау іздеп керегі жоқ. Қазақ Футболының болашағы болады деп үміт артып жүрген 16 жасар Дастан Сәтпаев келесі апта «Челсиге» ауысады деген жаңалық пост кеңестік елдерге тарап кетті.

Сол жаңалық туралы пабликтердің астында баяғы өзіміз. «Ой, ол ойнай алмайды, қайтып келеді. Бір байдың баласы шығар. Доп тасып тұрмаса. Су таситын шығар. Көкесі мықты болып тұр ғой» деген пікірлерді жазып отырған қазақтар үшін ұялдым.

Оу, сен оның бір ойынын да көрген жоқсың ғой? «Челси» 16-дағы баланы негізгі құрамға, Пальмердің орнына алып жатқан жоқ қой. Он алты жас деген академия үшін кәрі саналады. Бірақ, «ақсүйектер» балаға сенім артып жатыр. Онда үміт бар деген сөз. Елдің бәрі Ламин Ямаль емес қой.

Қайта өзбек, қырғыз бауырлар тілеулестігін білдіріп, жақсы пікірлер жазып жатыр. «Әлі жас, шыңдалады. Тәжірибе жинайды. Жерге ұра бермесеңдерші» деп, қазақтарға басу айтып отырғандарына бір жағынан намысым келді.

Ағайын, балаға көмегің тимесе де аяғынан шалма. «Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін балам қайдан болсын» деген Ахаңның сөзі аксиома. Сәттілік, Дастан! Қазақтың да АПЛ-да доп тебуге таласы бар шығар!

Оңғар ҚАБДЕН, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен.