Қазақтілділерді нұқып қалуға даяр тұрады
Біздің орыстілді қазақтар күй талғамайды екен.Мысалы, Қазақстанда Петр Своик деген атақты мақтабас бар, өзі ресейшіл, путиншіл адам. Сол мақтабасты Бажкенова, Ерғалиева деген тәтелеріміз эфирлеріне шақырып шүйіркелесіп сұқбаттасып отыра береді екен.
Мен өз басым ондай своиктерден жиіркенемін, олармен бірге отырып сұқбаттаспақ тұрмақ қандай да бір тема қозғаудан да қашқақтаймын. Нафталин сасытпайын, мақтасын қоңсытпайын деп жоламаймын.
Ал мына қазақтілді қазақтарды қатты сынайтын бажкенова — ерғалиевалар мақтабас — иртышбаев, своиктермен беймарал сұқбат құрып отыра береді, түк шімірікпейді екен. Шүйіркелесіп отыра береді.
Осы тәтелерім теріскейден жау келсе оңай көндіге салатын кісілерге ұқсап кетеді кейде.
Және біздің байлықта да, билікте де орыстілді қазақтар отыр ғой.
Менің байқағаным бұлардың орынбасарлары, шабармандары, көмекшілері, қызметшілері де орыстілді қазақтар я болмаса орыстілді ұлыс өкілдері болады екен.
Яғни біз орыстілді қазақтарды бөлмесек те олар іштей бұндайға қатты қарайды. Өз тілдес жақындарын іздеп іштей бөлініп тұрады. Карьераны да тез жасайды, қызметте тез өседі. Жақсы жерлерді өзара бөліседі.
Ал бұл дегеніңіз қаншама жұмыс орыны.
Қазақтілді қазақ сосын «пятак» жағаламай қайтеді.
Рас, олар қастарына қазақтілді қазақтарды жолата қоймайды.
Тіпті орыстілді қазақ қыздары да өз жігіттерін іздегенде ол жігіт орысша қалай сөйлейді, акцентпен сөйлей ме, акцентсіз бе, соған қатты қарайды екен.
Және бұл ерғалиева сияқты тәтелеріміз сөйте тұра қазақтілді қазақтарды түйіп қалуға, нұқып қалуға даяр тұрады.
Бұлардың совет заманынан бері сондай сатқындығы бар тын. Шовинистер ол кезде қазақтілді қазақтарды түйгіштеп жатқанда, орыстілді қазақтарымыз да өз қандастарына жиіркене қарап ана шовинистерден түк қалыспайтын. Кезінде «Мәмбет» деген сөзді ойлап тапқан да осы орыстілді қазақтар болатын.
Байғұс бұл қазақтілді қазақ не көрмеді. Анасы да мынасы ермек қылатын кезінде…
Ерғалиеваның сынайтын біздің кейбір жабайылықтарымызды, яғни ауыл қазағының кей жердегі тұрпайы әдетін біз де сынап келеміз, айыптап жүрміз.
Қазақтілді қоғам да ондайды қош көрмейді, қабылдамайды. Бірақ Ерғалиевалар оны көрмейді.
Бұл ерғалиевалардың ойы бойынша бүкіл қазақтілді қазақтар сондай жабайы. Оларды қалаға кіргізбеу керек, болды.
Олжас Әбілдің
Facebook парақшасынан.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.