Қазіргі балалардың ерекшелігі біраз қорқытады

Шынымды айтайын, өзіміз қараптан-қарап өсіп кеткен соң, қазіргі балалар да солай “қараптан-қарап өсіп кетеді” деп ойлағам ғой.
Өскенде енді, физикалық тұрғыдан, әрине, өсе береді. Суын құйып, топырағын қопсытып тұрсаң болғаны. Гүл сияқты.
Бірақ, әңгіме олардың өмірге қызығушылықтары, қалаулары, құлшыныстары туралы болып отыр.
“Қараптан-қарап өздері өсіп кетеді деп ойладым” дегендегі айтпағым – кезінде біздің қызығушылықтарымыз, армандарымыз болды ғой, қазіргі балаларда да солай біздікіндей аутомат қызығушылық, құлшыныс болады дегем.
“Бақсам бақа екен” демекші. Не тут-то было.
Дымға қызықпайды. Ешқандай құлшыныс жоқ.
“Неге?” деп ойлана келе ұққаным мынау – өйткені, бұларда барлығы бар.
Аш емес. Аш емес болғанда, біз де аштан өлетіндей аш болмадық қой. Бірақ, түннен қалған жылытпаны ішу мен кеуіп қалған нанды жеу норма еді ғой? Қазіргі балаларға тек жаңа піскен, дәмді піскен тамақ қана беруің керек. Басқасын жемейді.
Қызық керек пе? Смартфон, ойын, ойыншық, ойын-сауық орталығы, барлығы бар. Біз сияқты қойдың жағынан пистолет жасап, атыспақ ойнау деген жоқ. Шынға жақын қару әперуің керек.
Біздің кезімізде тіпті оқитын кітап та жоқ еді ғой. Лениннің пәленбай томдығын оқып отыратынсың бір есіңді жинасаң. Ұқпасаң да Карл Маркстың “Капиталы” әр үйде жататын. Қазіргі балаларға комикс те әпердік, фантастика, ертегі, повесть, роман, қысқа әңгімелер, шетелдік әдебиеттің аудармасы – Құдай-ау не қалайды, барлығы тұр. Оқымайды емес, оқиды. Бірақ біз сияқты құнығып, сіміріп, ішіп отырған тамағын ұмытып кетіп оқымайды. Әйтеуір, тек оқиды.
Робототехника? Тұр.
Сурет салғың келе ме? Акварель, гуашь, акриль – барлығы тұр.
Тағы не десе, барлығы бар.
Бірақ көзінде ұшқыны бар бала жоқ.
Біздің, қазіргі буын ата-аналардың не кінәсі бар енді?
Өзіміз көрмеген жерге апарып жатырмыз. Өзіміз жемеген тамақты жегізіп жатырмыз. Өзіміз мінбеген дүниеге мінгізіп, өзіміз кимегенді кигізіп, өзімізде болмаған дүниені әперіп, өзіміз оқымаған дүниені оқытып жатырмыз. Өзімізге бөлінбеген, өзіміз әке-шешемізге бөлмеген уақыт пен мейірімді осыларға бөліп жатырмыз.
Бұл ағыл-тегіл молшылықтан қысып, қолдан дефицит жасайын десең, ішіңнен шыққан балаңды қалай аш, жалаңаш, тарықтырып қоясың?
Жалпы не істеп жатырсыңдар балаларыңа?
Тимур БЕКТҰР, сарапшы.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.