«Келін ұйықтауы керек» дейді қайнағасы

0
669

Келіннің ұйқысы неге қанбайды? Шерхан атам айтқан:«Балалық шағыңда не нәрсеге тоймайсың шал болғанда да соны аңсап өтесің» деп.

Мен жас келіндерді аяймын. Ұйықтай береді деген енелердің сөзіне келіспеймін. Неге ұйықтай береді келін? Әрине ұйықтайды? Ұйқысы қанбағасын. Келін той болардан бір екі күн бұрын ұйықтай алмайды.

Тойдың дайындығымен ерте тұрып кеш жатады. Одан келін боп босаға аттайды. Той таңғы төрт бестерде бітеді. 6 сағатқа созылған тойда келін қаншама рет отырып тұрады.

Тіпті біреулер мылжыңдап ұзақ тост айтады. Соның бәрі күш. Тойдан соң келін ыдыс-аяқ жуып, общым жатпай, көмектесу керек. Ал таңда келіннің қолыннан шай ішілу керек.

Шай құю екі күнге жалғасады. Ұйқы шала. Сосын келін шай, тәтті шайлар басталады. Оларға да баппен күрең шай демдеп беру жаңа түскен келіннің міндеті. Қысқасы келіннің зб шығарып жібереді.

Келін сол күннен бастап маужырап жүреді. Сосын кім жаман, келін жаман.

Меніңше келінді тойдан соң үш күн, үш түн ұйықтатып алу керек. Тұрғысы келсе де ұйықтататын дәрі беріп тағы ұйықтатып ұстіне көрпе жауып мазасын алмаған дұрыс. Дұрысынан қандырып алсын. Сосын рақат! Ұйқысы қанған келін ширақ, қолы да жеңіл, ызғып тұрады.

Сосын қарап жүрмей, жөніне кетпей тойға келгендер келіннің жүрісінен мін тауып бір сөйлеп қалады. Бұл күйеу жігіттің құлағына да шалынады.

Әлгі жігіт әкіреңдеп бұйыра бастайды. Бір туысқанымыздың тойында таңертең ерте шөлдеп оянсам, бәрі қырылып жатыр. Тек кешегі түскен жас келін екеуміз екен ерте тұрған. Келін маладес тыпыңдап шай қойып жүр.

Екеуміздің де үйқымыз қанбаған. Мені қойшы, келінді аядым. Таңдағы жалғыз тірі әруақ мені көріп иіліп сәлем салғанда не істерімді білмей, сасып орнымнан атып тұрыппын. Біз жақта келін сәлем салмайды.

Келін ешкімді де шайға оята алмай жүр ұялып. Ақыры маған:«аға, шайға жүріңіз!» — дегенде ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Маған шай емес, бас жазатын басқа бірдеңе керек боп тұр ғой. Жалма жан түнде бірге сілтеген жездемді оятып алып екеуміз келіннің қолынан шай іштік.

Бір кезде келін тұрып кетіп екі рөмке мен мұздатқыштан бір шөлмек алып үстел үстіне қойғанда бұл шаңыраққа келінмен қоса бақыт құсы, құт-береке қонғандай айнала жап-жарық боп кетті. Ақылды келін екен. Тәрбиелі келін екен.

Мұндай келін ілуде біреуде ғана кездеседі. Біздің ақымақ ініміз келінді сыйлап өтсе екен. Бұл жездем екеуміздің таңғы тілегіміз іштей төгіп отырған. Общым мен келіннен, келін менен, жездем келіннен ұялып шөлмекті орталап тастаппыз.

Бір кезде жездеме батылдық кіріп:«Келін, болды, сен ұйықта. Түнде жай жаттың, әбден ұйықтап ал, өзім жауап берем ата- енеңе» Айналайын өзің де тым жақсы, қызымдай бала екенсің, бара ғой, бізден еш қысылма. Мына қайнағаңнан ұялма. Бұған да өзім жауап берем. Бұл ауылдың бабын тауыса алмайсың. Өзіңді ойла, бара ғой, жата ғой енді» деп жездекем бар ықыласын төгіп-ақ жатыр.

Ақылды келін емес пе? Жездем айтты екен деп жалп ете қалған жоқ.«Жоқ, аға, ұйқым қанық, ерте тұрып үйренгенмін, келіңіз,шай құяйын тағы…»

Айналайын-ай, шай ішкіміз келмесе де келінге риза боп тарта бердік. Шаймен бірге әлгі де… жақсы кетіп жатыр.

Бір кезде маған тіл бітті. Тіл бітірді соңғы соғысымдар.

«Келін айналайын, жездең дұрыс айтады, ұйқыңды қандырып ал. Өзім жауап беремін. Ұйқы, деген жаман ғой,—деп қуып міңгірледім ау деймін. Жездем жайыла бастады.

Бір кезде беті іскендер, шөл қысқандар біртіндеп ояна бастады. Оларды емес, келінді аядым. Қазір мына алқаштарға шай құяды-ау тағы. Бұлар оны түсіне ме.

Сораптап не ішіп болмай, не тұрып кетпей келінді шаршатады ау. Не керек сол жерде келіннің оларға шай құйғанын кәдімгідей қызғанып қалдым. Өмірімде бірінші рет келін ұйықтамау керек, ерте тұру керек деген ата-баба дәстүріне қарсы шықтым.

Келін ұйықтау керек, әсіресе мынадай келінді ертеңіне кемпірлердің сұқ көздеріне қор қылғызбай бірден бал айына жіберу керек.

Жездем қасыма келді:«Келін түсінігі бар жақсы екен ә?»

«Әрине» —дедім. Сол сәттен бастап жездем екеуміз келін жаққа қарап қоямыз. Аяған түріміз. Келін тыпыңдап тыным таппайды. Көмектескім ақ келіп кетті. Жұмсаса екен деп тұрмыз. Жұмсай қойса атылайын деп тұрмын тек.

Бірақ жұмсай алмайды ғой. Қап мына салт дәстүрді қайта қарау керек сияқты. Мынадай келін жұмсаса бақыт қой. Иә, бақыт… Келін туралы бұлай толғамас па едім бәлкім, егер екі рөмкесімен бір шөлмек әкелмегенде. Қарапайым көп шайдың, қарапайым көп келіндердің бірі боп қалар еді. Ерекше келіндер бар ғой, шүкір, бар…

Самат НАРЕГЕЕВ, Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.