ҚР Ұлттық банкі жұртты таңғалдырды
Мамыр мен шілде айлары аралығында ҚР Ұлттық банкі 21,6 тонна алтын сатқан. Осылайша Қазақстанның алтын-валюта резервтеріндегі аталған бағалы металдың үлесі 3 пайыздық тармаққа төмендеді.
Ал басқа елдер, геосаяси тұрақсыздық кезеңдерінде, керісінше, бұл активті жаппай сатып алып жатыр, деп жазады Dalanews.kz.
Қазақстанның жалпы халықаралық резервтерінің көлемі 2024 жылғы тамызда 42,7 млрд АҚШ долларға жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан 27,2%-ға артық.
Ақшамен есептегенде резервтердің жартысынан астамы алтында болды: 23,5 млрд АҚШ доллар — өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда 20,9%-ға көп.
Ал еркін айырбасталатын валюталық активтер бір жылда 35,8%-ға өсіп, 19,3 млрд АҚШ долларға жетті. Бұл ретте жалпы халықаралық резервтегі алтынның үлесі бір жылда 57,7%-дан 54,9%-ға дейін төмендеді.
Бұл мәліметтерді ranking.kz өз зерттеуінде алға тартады.
«Мәселен, 2024 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының алтын-валюта қоры бар болғаны 692,3 келіге өсті. Оның үстіне алғашқы төрт айда 22,3 тонна алтын сатып алынса, мамырдан шілдеге дейінгі аралықта Ұлттық банк, керісінше 21,6 тонна бұл асыл металды сатқан».
Бұған дейін, 2011–2021 жылдар аралығында Қазақстан белсенді түрде алтынды сатып алып отырған, яғни жылына 2,4-тен 50,6 тоннаға дейін (!). Жалпы, осы уақыт кезеңінде әлем бойынша барлығы 335,1 тонна алтын сатып алынған екен.
Тек Қытай, Ресей және Түркия ғана Қазақстанға қарағанда алтынды белсендірек сатып алған. Алайда олардан айырмашылығы, Қазақстан 2022 және 2023 жылдары 108,1 тонна алтын сатқан: 2022 жылы — 50,7 тонна, 2023 жылы — 57,4 тонна.
«Алтынның белсенді сатылуы жоғары баға кезеңіне сәйкес келді. Реттеуші соңғы екі тұрақсыз жыл ішінде мұндай активті сатқаны жөн бе өзі, бұл — үлкен сұрақ. Өзіңіз бағалап көріңізші. Мәселен, 2022 жылы орташа есеппен алтынның бір трой унциясы 1,8 мың АҚШ долларды құрады. Келесі жыл баға бойынша рекорд болды — 2023 жылдың сәуірінде алтынның бір трой унциясының бағасы 2 мың АҚШ долларына жетті, ал желтоқсанда рекорд жаңартылды: 2 мыңнан сәл астам АҚШ доллары. Биыл алтынның бағасы ай сайын дерлік рекордтарды жаңартып, қыркүйекте 2,6 мың АҚШ долларды құрады. Қазан айының басында алтын бағасының көтерілуін жалғастырды және бір троя унциясы үшін 2,7 мың АҚШ долларға жетті, бұл таңқаларлық емес, өйткені геосаяси тұрақсыздық жағдайында алтын жалғыз қорғаныш активі болып табылады. Дәл осындай сәтте Қазақстан, керісінше қазір оны сатып жатыр. Себебін, ресми билік ашып айтпайды», делінген зерттеуде.
Халықаралық валюта қорының қаржылық статистикасына сүйенсек, Қазақстан алтын қоры бойынша әлемде 18-орында тұр: 294,9 тонна.
Дүние жүзіндегі алтынның көп бөлігі орталық банктердің қолында, олар бұл резервтерді олардың қауіпсіздігі, өтімділігі және табыстылығы үшін сақтайды. Бұл мекемелер тарих бойы өндірілген алтынның шамамен бестен біріне ие.
Жалпы, ресми әлемдік алтын қоры 30,1 мың тоннаға жетеді. Ең үлкен көлемі АҚШ-қа тиесілі: 8,1 мың тонна, оның жартысы АҚШ-тың әйгілі Форт Нокс депозитарийінде сақталған.
Екінші және үшінші орындарда тиісінше 3,4 мың және 2,5 мың тонна алтын көлемімен Германия мен Италия тұр. Францияда (2,4 мың тонна), Ресейде (2,3 мың тонна), Қытайда (2,3 мың тонна) және Швейцарияда (1 мың тонна) да айтарлықтай қор бар.