Маньяк тек әйел мәйіттерді зорлаумен айналысқан

0
307

Отандық кинотеатрларда жүріп жатқан қырғызстандық «46 түн» фильмі сынға ұшырады.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Фильм не туралы?

«46 түн» — 90-шы жылдары 28 жыл бойы өлген 46 әйелдің мәйітін зорлаған қылмыскердің оқиғасын арқау еткен қырғызстандық фильм. Михаил Лукьянов есімді маньяк әуелі өз әйелінің өлі денесін зорлаған.

30 жылға жуық бейіттерді аралап өмір сүрген маньякты Ресей, Қырғызстан, Қазақстанның милиция қызметкерлері ұзақ жылдар бойы ұстай алмаған. Өмірде болған шынайы оқиғаға негізделген кино прокатқа 13 ақпанда шыққан.

Үлкен экранға шыққанына 10 күн өтсе де, әлі күнге дейін киноны тамашалауға асыққан қазақстандықтардың қатары азаяр емес. Ең қызығы немесе сорақысы, бұл фильмнің кинотеатрларда тек қазақ тілінде көрсетіліп жатқаны.

Сондай-ақ, сеанстар да кешкі, көпшілікке ыңғайлы уақытқа қойылған. Мұндағы мақсат не? Аталмыш фильмді тек қазақ тілді аудиторияға ыңғайлағанын қалай түсінеміз?

Бұған дейін қазақша дубляждалған Walt Disney анимациялық студиясының мультфильмдерінің сеанстары өте аз болып, болса да түскі уақыттарға қойылып қазақ балалары әлемдік туындыларды ана тілінде көре алмай қор болған еді.
Ал, жауыздық пен зорлық-зомбылықты ашық көрсеткен қырғыз киносы қазақ көрерменін сеанстан еш «қыспапты».

Ел не дейді?

Журналист Ақбөпе Тәңірберген де аталмыш киноны зорлық-зомбылықты ашық көрсеткен, деп айыптады.

20 жастағы сіңілім киноға барайық дегесін келдік. “46 күн” деген хит болып жатыр деп өзі таңдады. Залға кірсек еркек өлген әйелін көміп алып шығып зорлап жатыр.

Шошып кеттім. Қанша менталды сау емес адамдар қаптап жүр. Сондайлардың миына сап етіп осындайлар кірсе қиын ғой. Нені насихаттап жатыр мыналар? Тағы, қазақша түсірілген екен», — деп жазды ол Facebook желісіндегі парақшасында.

Оның айтуынша, оқиға шынайы өмірден алынса да, мақтанып көрсететіндей дүние емес.

«Кинотеатрға барып 46 өлген әйелдің мәйітін зорлаған некрофил туралы кино көрдік. Қырғыз киносы екен. Мұндайға қалай жол берді екен? “Мақсаты, мәні неде” деп ойладым.

90 жылдары қоқыс пен зиратты паналап жүрген, сондағы қалдық тамақ пен араққа тойып, ойына келгенін істеген Михайл деген бомждың оқиғасын фильм қылып шығарыпты.

Кино өз әйелінің өлігін зорлаудан басталады. Некрофилді Қырғыздың әйбәт жігіті ойнайды. Қабірдің астына ақ кебінге оранып, “өлі күйде” бірнеше қырғыз қызы түсіпті. Әртістерге сөз жоқ. Милицианың кабинетінде қып-қызыл туды ілуді де ұмытпапты. Дегенмен, Қырғызстанда болған оқиға болғанымен, мақтанып көрсететін нәрсе емес.

Онда біз де қалмай адам жегіш каннибал Николайымыз туралы кино түсіріп көрсетейік үлкен эраннан. Құдай сақтасын. Ютубта бұлар туралы деректі фильмдер қаптап тұр. Көрем деген адам болса», — дейді ол.

Журналист қазір қоғамда менталды сау емес адамдардың көбейгенін, оларға мұндай фильмдер одан әрі кері әсер ететінін айтып, дабыл қақты.

«Қазір дені сау емес, психологиялық ауытқуы бар адам көп. Онсыз да нешетүрлі қылмыс жасалып жатыр. Мына фильм арқылы авторлар не көздейді? Біздің нарыққа қалай кірді?

Қазақша сөйлеп жүргендей керемет дыбыстапты. Тұп-тура қазақ тілді аудиторияға бағытталған екен. Көрсетілетін уақыты да кешке.

Ең өкініштісі — зал лық толы. Қоғамға осындай психологияны зорлайтын, жабайы, тұрпайы, қаны ағып жататын, ұятсыз, тәрбиесіз дүниелер ұнайтын болып тұр», — деп жазды ол.

Желі қолданушылары да аталмыш киноны прокаттан алып тастауды талап етуде.

«Мың жерден өнер болса да, азғындықты паш ететін осындай фильмнің текке қажеті жоқ», «Кинотеатрлардан жауыздықты насихаттайтын киноны неге көрсетеді, алып тастасын», «Өздері біздің Рэкитерді прокаттан алып тастап еді, бізде одан да сорақысы көрсетіліп жатыр екен ғой», — деп жазды олар.

Фото интернеттен.