Ұлттық академия қызметкері Айман Сағидулладан кешірім сұрады

0
1689

Әлеуметтік желідегі парақшасында білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлы әріптесі Айман Сағидулланы құттықтап жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

“Құтты болсын, Aiman Sagidulla әріптес!

Гүлшат Жолдыбайқызы деген өз қателігін түсініп сенен кешірім сұрапты.. Мен қазбаламай-ақ қояйын…

Ар жағын Астана қаласы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Департаменті жанындағы Әдеп кеңесі ойлана жатар…” деген Өмір Шыныбекұлы Алтынсарын атындағы Ұлттық білім беру академиясының қызметкері Гүлшат Тұрмағанбетованың жазбасын тұтастай жариялады.

Даудың басы… Бұл дау қалай басталып еді? Белсенді ұстаз Айман Сағидулла Гүлшат Тұрмағанбетованы не үшін сотқа берген? Осы сұрақтарға жауап іздеп, әлеуметтік желілерді ақтарып көрдік.

Естеріңізде болса, 2023 жылы бір топ мұғалім министр Ғани Бейсембаевтың отставкасын сұрап, Президентке ашық хат жазған-ды. Біздің түсінуімізше, даулы мәселе осы кезде басталған көрінеді.

Міне, осы тұста министр Ғани Бейсембаевтың “қорғаушысы” рөлін өздеріне “иемденген” санаулы кісі әлеуметтік желілерде ашық хатқа қол қойған мұғалімдерге қырғидай тиіп, ауыр сөздер жазып, мазаларын алуды бастаған.

Солардың  бірі Гүлшат Тұрмағанбетова әлеуметтік желіде белсенді ұстаз Айман Сағидулланың ар-намысына тиетін, әдепсіз сөздер жазған.

Бұл туралы кезінде белсенді ұстаз Мейіржан Темірбек өзінің парақшасында төмендегі скринді жариялаған екен.

“Рухани мүгедек”, “былыққа белшесінен былғанған”, “қалай педагог болып жүр?”, ұяттан жұрдай”, “салпы етек өсекші”, “жеңіл жүрісті адамдардан айырмашылығы жоқ екен”… Өкінішке қарай, мына сөздерді “Ы.Алтынсарин” атындағы Ұлттық білім академиясының қызметкері жазған.

Қош, сонымен бұл дау сотта қаралып,  Гүлшат Тұрмағанбетоваға “әлеуметтік желіде жазған ар-намысты қорлау сөздері үшін әлеуметтік желіде ұстаз Айман Сағидулладан кешірім сұрауға міндеттеу” туралы соттың шешімі шықты. Сот шешімі өз күшіне енді.

Бүгін  Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының қызметкері Гүлшат Тұрмағанбетова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында кінәсін мойындап, ұстаз Айман Сағидулладан ресми кешірім сұрап, жазба жариялады.

Өз сөзінде ол былай депті:

“2025 жылдың 24 ақпанында Ұлытау облысы, Ұлытау аудандық сотының шешімі шықты.

Мен, Турмаганбетова Гульшат Жолдыбаевна Сот шешімін орындау мақсатында төмендегі мәліметтерді жариялаймын.

Мен, Турмаганбетова Гульшат Жолдыбаевна

2024 жылдың 9 қыркүйек күні «Facebook» әлеуметтік желісінде Нұргүл Абилдинаның жазбасына пікір қалдырдым.

Айман Сағидулла туралы жазған бұл пікірімде:

«Жеңіл жүрісті адамдардан айырмашылығы жоқ екен», «Лаңдатпаса ауырады» , «Бетпақтығы , тәртіпсіздігі республикаға карикатурасымен аян» , «Оның әрбір жазбасынан рухани мүгедектікті ғана көремін» , «Бұндай ойы мен ұстанымы өте лас былыққа белшесінен былғанған адам қалай педагог болып жүр!?» , «Ұятттан жұрдай» , «Дүниетанымы салпы етек өсекші , жеңіл жүрісті адамдардан айырмашылығы жоқ екен» «Қасиетсіз», «Ғани Бектайұлының сыпайылығы мен адалдығын пайдаланып, ауыздарын қайшылап, лаңдатып, өтірікті қардай боратып жүр» , «Баяғы заман болса, көмейіне қорғасын құяр еді әрбір сөзіне жауап алып», « Адалға күйе жағып қаралағаны үшін ұрпағы оңса көремін солардың, ұрпағымен өтейді елді аздырған жемқорлар мен өтірікшілер»

деген сөздер қолдандым.

Бұл сөздер ешбір нақты дәлелге, шынайы фактіге негізделмеген, шындыққа сәйкес келмейді.

Бұл пікірдегі айтқан сөздерімді терістеймін және бұл үшін Айман Сағидулладан ресми түрде кешірім сұраймын” деп жазды Гүлшат Тұрмағанбетова.

Фото редакцияның коллажы.