Мас имамды «қымыз ішті»деп ақтау мүмкін бе?
«Мас имамды «ұлттық сусынымыз қымызды ішті ғой» деп ақтап алуға бола ма?!»деп жазады журналист Ораз Әлімбеков өз парақшасында.
«Мас күйінде көлік айдап ұсталып 15 тәулікке қамалған бас имамды ақтап алу үшін «оны подставить етті, қаскөй біреу тамағына немесе шайына спирт қосып жіберген»дейтін пікір көбейді. Кейбіреулер мас болған бас имамды «қымыз ішкен ғой, бұл спирттік ішімдікке жатпайды» деп имамнан үнемі ұлттық тағам ішетін дәстүрлі қазақтың кейпін сомдамақшы. Бұл нарративтің желі қай жақтан ұйытқып соғып жатыр?
Мүфтият ішіндегі құпия дереккөзім жаңа ғана хабарлады, егер қамалып қалған бас имам осы күйі ақталмай кінәлі болып қалса, онда осы оқиғаға жауапты адам ретінде бас мүфти Наурызбай Өтпенов орынтағын өз еркімен босатуы тиіс екен.
Бұл биліктің идеологияға басшылық жасайтын жауапты тұлғалардың талабы. Сондықтан бас мүфти қамаудағы бас имамға «күшті адвокат жалдап, өзіңнің ішпегеніңді дәлелдеп шық, сонда дін саласына қайта оралуыңа мүмкіндік туады» деп абақтыға сәлемдемесін жолдапты.
Әрине, қамаудағы бас имамды «сүттен ақ, судан таза» қылып шығару мүмкін емес. Имамды ақтау үшін полицейлерді де, прокурорды да, судьяны да көзімен жер шұқылатып, кінәлі қылып, сот шешімін жоққа шығаруы тиіс.
Құқық қорғау органдары бұлайша қарабет болғысы келмейді. Маған жеткен мәлімет бойынша, полицейлердің қолында бас имамның тілі күрмеліп, әзер сөйлеп қисалаңдап отырған видеосы бар.
Ол видеодан адамның спирттік ішімдікке тойып алғаны бірден көрінеді. Құқық қорғау органдары сол видеоны интернетте жариялап жіберсе, онда бас имам да, бас мүфти де масқара болады ғой…
Эх, бір видеосы кем қу дүние-ай…»деп жазады журналист.
Фото интернеттен алынды.