Мектеп асханасы: Балаларға көгерген нан берген
Бүгін мына бір келеңсіз жағдай орын алды. Қаладағы 25 орта мектепте балаларға сапасыз тағам берілетіні жайлы ата-аналар ватсап желісіне мына бір тілім көгерген нанды жіберіп, наразылықтарын білдірді.
Менің де балам дәл сол мектепте білім алады, өз басым қызымның тарапынан ешқандай шағым естімедім (2 сыныпта оқитын бала сапасыз тағамға мән бермеуі де мүмкін) алайда ата-аналардың айтуынша аталмыш білім ордасындағы асханада осындай жағдайлар жиі орын алуда.
Жоғары сыныптарда оқитын балалар әке-шешелеріне асханадағы сапасыз тағамға ара-тұра шағымданатын көрінеді.
Тұзсыз, дәмсіз тағам өз алдына, енді көгерген нан бергендеріне қарағанда жағдай біз ойлағаннан да мүшкіл сияқты.
Ата-аналардың наразылығы орынды. Тегін тамақпен қамтамасыз етіп жатырмыз деп мұндай бассыздық жасауға бола ма?
Жалпы құзырлы органдар мектеп асханаларына жиі тексеріс жасап тұрғаны жөн, әйтпесе балаларды тамақпен қамтамасыз ететін жеке кәсіпкерлер тұрақты қадағалау болмаған соң ойларына келгенін істейтін сияқты.
Осындай жағдайлар өзге мектептерде де орын алмай жатпағанына кім кепіл. Құдай сақтасын алда-жалда балалардың денсаулығына зиян келсе, оған кім жауап береді?
Ата-ана, журналист ретінде бұл мәселеде шет қала алмадым. Бірден мектеп директорына хабарласып, мән-жайды білдім.
Сәуле Нұрғалиқызы бұл мәселеден хабарсыз болып шықты. Кейін бұл сурет 12 желтоқсанда түсірілгенін, асханада қызмет көрсететін кәсіпкермен сөйлескенін, жауапты органдарға шағым айтылғанын жеткізді.
Балаларға көгерген нан берілгенін білім беру мекемесінің басшысы жоққа шығармайды. Дүйсенбі күні аталмыш мәселе бойынша директор шағым айтқан ата-аналармен кездесетінін мәлімдеді.
Жалпы сурет қай кезде түсірілсе де мұндай сорақылықтың орын алуы ұлт көсемінің атын иеленген — Әлихан Бөкейхан атындағы мектепке сын емес ?!
Сондықтан бұл мәселені құзырлы органдар назарға алуы тиіс. Ертеңгі болашақ — бүгінгі бала тағдыры ойыншық емес.
Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото автордың парақшасынан.