Мектептегі ата-аналар жиналысы: Бұл эвриканың авторы кім?
![](https://democrat.kz/wp-content/uploads/2025/02/scale_1200-905x613.jpeg)
Әлеуметтік желідегі парақшасында ұстаз Бәкіжан Кәкім қазір мектепте өтетін ата-аналар жиналысын сын тезіне алды деп жазады Democrat.kz.
«Кезінде ата-аналарды маңызды мәселелер бойынша ғана жиналысқа шақыртатын. Баласы бұзықтық жасаса, мінез-құлқында өзгеріс байқалса, ортақ шешім табу қажет мәселелерде ғана ата-анасын сынып жетекшісі шақыртатын еді.
Ал қазір мектептерді отбасын тәрбиелейтін орынға айналдырып жіберген. Психологпен ойын ойнап, сынып жетекшімен би билеп, ән шырқап қайту абсурд секілді» дейді Бәкіжан Кәкім.
Айтса, айтқандай, расымен қазіргі ата-аналар жиналысы да жоғарыға жөнелтілетін есеп құжаттарына байланды.
Мұғалім төбеден түскен бұйрыққа бағынып, солардың сценарийі бойынша жиналыс өткізуге мәжбүр.
Баласының тәртібі, үлгерімі туралы ақпарат алуға барған ата-ана түкке керексіз психологиялық тест толтырып, біртүрлі ойындар ойнап қайтатын болғаны жасырын емес.
Не үшін керек мынадай сайқымазақ? Бұл қай данышпанның ойлап тапқан эврикасы?
Ата-ана да, мұғалім де, министрлік те басты мақсатын оқушының ертеңі деп белгілеуі керек екен, бізде бәрі керісінше.
Қазіргі білім саласы сырттай қараған кісіге төрт аяғы төрт жаққа жайылып құлаған жануардың (қандай жануарға теңесеңіз де, өз еркіңіз—ред.) бейнесіне ұқсайды.
Оқу ағарту министрлігі — бір жақта, мұғалім — бір жақта, тәрбие, білім- бір жақта, ата-ана — бір жақта. Бір бірімен ортақ байланысын табу қиын. Ал сорлап, орнынан тұра алмай жатқан жануарды — бүкіл оқушы деп елестетуге болады.
Осыдан кейін ел ертеңі туралы сөз етудің өзі артық емес пе?
Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Фото көрнекілік үшін.