Министрлікті «Өрлеуде» оқытып алу керек сияқты

0
422

Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Мейрамбек Пазылбеков Оқу ағарту министрлігіне арнайы хат жолдап, алған жауабы туралы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

Мейрамбек Пазылбеков министрлікке бірнеше сауалмен хат жолдаған. Оның «Мақсатты мектеп» жобасы, бұл жобаны қаржыландыру көзі, депутат Жұлдыз Сүлейменованың пікіріне қатысты т.б сауалдарына министрліктің берген жауабы…

Төменде қоғам белсендісінің жазбасын тұтас назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Оқу ағарту министрлігінің жолдаған хатыма Төрағаның м.а. Ж. Карамбаев мырзаның берген жауабы:

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Сіздің өтінішіңізді қарап, төмендегіні хабарлайды.

Мақсатты мектептер жобасы туралы түсіндіріп мақсаты мен міндеттерін ашып түсіндірсеңіз.

Жобаның заңдылық тұрғыда негізі жоқ деген мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ханымның пікіріне қандай жауап бересіз?

«2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы еліміздегі білім сапасын арттыру міндетін қойды.

Білім беру сапасын арттыру бойынша нақты шараларды іске асыру мақсатында білім берудің барлық деңгейлерін қамтитын «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасы (бұдан әрі – Ұлттық баяндама) әзірленді.

Ұлттық баяндаманың негізгі тезистері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 249 қаулысымен (2024 жылдың 13 маусымда №465 қаулысымен өзгерістер енгізілген) бекітілген Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына (бұдан әрі — тұжырымдама) біріктірілген.

Тұжырымдамаға сәйкес сыртқы бағалауды пайдалана отырып, білім беру ұйымдарында білім беру сапасын жақсарту бойынша ұсынымдар әзірлеп, әдіснамалық көмек көрсете отырып, қолдаудың нақты және атаулы шараларын қабылдау үшін мақсатты мектептерді анықтау көзделген.

Жоғарыда аталғандардың негізінде, мақсатты мектеп жобасы жаңа нормаларды қарастырмайды және сәйкесінше апробацияны қажет етпейді.

Осыған орай Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі (бұдан әрі — Министрлік) облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармаларымен бірлесіп жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде «мақсатты» мектептер анықталды.

2024-2025 оқу жылында республика бойынша 943 «мақсатты» мектептермен жүйелі әдістемелік жұмыс ұйымдастыру жоспарланған.

Жоба білім беру сапасын арттыруға, оқыту жағдайларын жақсартуға және білім беру сапасын арттыру бойынша педагогтерге қосымша әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.

Оның бюджеті кімнің есебінен және көлемі қанша сома?

«Мақсатты мектептер жобасын іске асыруда жүргізілетін жұмыстарға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді.

Неге ол мұғалімдердің негізгі жұмыс уақыты мен одан тыс уақытын алуда?

«Жоба аясында педагогтерді оқытуға арналған арнайы бағдарламаны «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ әзірлеп, мақсатты мектептердің педагогтерін кезең-кезеңмен біліктілікті арттыру курстарынан онлайн форматта өткізді.

Жоба шеңберінде оқыту кейіннен педагогтерге өздерінің пәндік, кәсіби білімдері мен дағдыларын дәйекті түрде дамытуға, тереңдетуге, кәсіби шеберліктерін, шығармашылық деңгейлерін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жоба педагогтерге «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының нормаларын іске асыруға көмектеседі, талапқа сәйкес педагог өз қызметінде тиісті кәсіптік құзыреттерді меңгеруге және оқыту мен тәрбиелеудің педагогтік қағидаттарын сақтауға, оқыту мен тәрбиелеудің сапасын мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында көзделген талаптардан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті («Педагог мәртебесі туралы» ҚРЗ 15-бабы).

Бұған қажеттілік қанша және күтілетін нәтиже қандай болмақ? Еліміздегі мектеп қабырғасындағы білім сапасын 10 баллдық шкаламен есептесек нешеге бағалайсыз?

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында «білім алушылар мен тәрбиеленушілер мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес сапалы білім алуға құқылы», – деп берілген.

Білім беру ұйымдарының негізгі мақсаты да уақыт талабына сәйкес білім алушыларға сапалы білім беру болып табылады.

Сонымен қатар қазіргі жаңа технологиялардың дамыған заманында, білім саласына да өзгерістер, жаңа идеяларды енгізу талап етіледі. Осыған орай мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға да өзгерістер енгізілуде.

Атқарылып отырған жұмыстар білім алушылардың оқыту жағдайларын жақсартуда мүмкіндіктерді жоғарлатып, білім сапасын арттыруда жоғары нәтиже береді деп күтілуде.

Неге Сіздің баспасөз хатшыңыз фейзбуктегі пікіріме бола Мені бұғаттап тастайды? Ашық үкімет қағидасы Сіздің министрлікке жүрмей ме?

«Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша Министрліктің ресми парақшасында әдейі бұғатталған тұлғалар жоқ. Министрлік халықпен ашық, жариялы жұмыс жасау принципін ұстанады.

Белсенді мыңнан аса ұстаздардың жолдаған ашық хатына берген жауабыңызды бөлісуді сұраймын.

Ұстаздардың мақсатты мектептер жобасының міндеттеріне түсінік беру туралы сұрағына білім саласындағы уәкілетті органның қызметкерлері ұстаздармен арнайы кездесулер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бұл жауаппен келіспеген жағдайда, заңнамаларда белгіленген тәртіппен шағымдануға құқығыңыз бар.

Төрағаның міндетін атқарушы Ж. Карамбаев

ПЫСЫ: Министрліктің өздерін Өрлеуде «Оқытып» алу керек сияқты…» деп жазды  Мейрамбек Пазылбеков.

Фото автордың парақшасынан және интернеттен алынды.