Мұғалімдер іс сапар ақшасын ала алмай шырылдап жүр

0
203

Мұғалімдердің ақшасына қатысты жағымсыз ақпараттар азаяр емес. Сертификат, әлдебір анықтама т.б. дүниелерді сатып алуға мәжбүрлеу жағдайларынан бөлек, іс сапарға төленетін тиісті ақысын ала алмай жүрген мұғалімдер бар екен деп жазады Democrat.kz.

Басшылықтың бұйрығымен түрлі курстарға барған ұстаздарға іс сапар үшін ақы төленуге тиіс. Алайда кей жерлерде бұл өтемақысын ала алмаған мұғалімдер бар көрінеді. Бұл туралы белсенді ұстаз Сұлтан Сүлеев өз парақшасында жазды.

«Мына хат сияқты өтініштерден бірнешеуі келді. Барлығы бір мағынада. Сегіз ай бұрын барған іс сапар төлемін ала алмай жүрген педагогтардың жан айқайы.

Аттестацияның талабына сәйкес қазір үш жылда бір рет курстан өту керек. Және ауданның жасаған тізімі бойынша мұғалімдер еріксіз курсқа тағы барады. Бармаса не болатынын біледі. Барса — істегендері мынау.

Өз қаржысымен, барлық шығынды төлеп оқып келсе — осы картина.  Заң бойынша іссапарға үш күн қалғанда төлем педагогқа төленуі керек.

Жарайды, оны есепке алмай-ақ қояйық. Бір-екі айға да үйреніп қалдық. Ал сегіз ай…!!!

Арайлым Төлеубекова ханым! Неге мұғалімдеріңізді зарлатасыз?

Өзіңіз командировкаға шықсаңыз, үш күн бұрын бухгалтеріңіз аударатын болар? Әлде Сіз де сегіз ай күтесіз бе? Сенбеймін.

Өткенде бір бұйрықты үш рет қате жазып, ақыры сол қате күйінше кеткен оқиға есіңізде ме? Мүмкін «командировочныйды» төлеу туралы бұйрықтан қате кетіреміз деп сақтанып отырсыз ба?

Көмектесуге дайынмын. Ол үшін мына педагогтардың іс сапар ақысын төлеңіз.

Мынау төменде сол мұғалімдердің жазған хатының біреуі.

«Сәлеметсіз бе,ағай! Қалыңыз қалай? Ағай сіздің көмегіңіз керек Біз Еңбекшіқазақ ауданының мұғалімдері биылғы жылдың сәуір айының 21 мен мамыр айының 3 аралығында «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығында екі апталық курста болдық. Іс сапар құжатын аудандық есепшіге өткіздік. Содан бері 8 ай өтті әлі біздің аудан іс сапар шығынын төлеп бермеді. Бізбен бірге болған Жамбыл,Райымбек,Кеген Іле аудандарының мұғалімдері толық іс сапар шығындарын алды. Біз өзімізге тиесілі қаражатты өндіре алмай отырмыз. Сондықтан ұстаздардың жанашыры деп,өзіңізден көмек сұраймыз.»

Облыс, министрлік басшыларын да тегтейін. Басқа аудандар алыпты. Еңбекшіқазақ ауданына не апат келіпті, өзіңіз айтарсыз»,- деп жазды білім саласының білікті маманы Сұлтан Сүлеев.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.