“Мұғалімге 16 сағаттан артық сағат берілмеуі керек” дейді профессор

0
3650

Barys Medya-ның YouTube арнасында білім саласының маманы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Береке Жұмақаева қазіргі кездегі түрлі проблемалар туралы еш бүкпесіз айтып берді деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы.

“Мұғалімдер жұмысқа тұру үшін директорға миллиондап пара бере ме?” деген сауалға Береке Жұмақаева: “Мектеп директорларына шексіз билікті беріп қойды. Ал ақша беріп жұмысқа тұрған мұғалімде қандай жауапкершілік бола қойсын? Ол мұғалім өзінің құзіретін анықтай ала ма?” дейді.

“Педагогикалық шеберлік” атты конкурстарда әділқазы бола отырып, сол жерде сараптамадан өтетін мұғалімдердің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізген ол: “Қарапайым ғана өз жұмысын қорғап сөз құрап, сөйлей алмайтын, Word бағдарламасын қолдана алмайтын мұғалімдерді көремін.

Мұғалім атқара алмаған мұндай қарапайым шаруаларды баладан қалай талап етеміз?” дейді. Жалпы, мұғалім 16 сағаттық жүктемемен жұмыс істегені дұрыс деген профессор: “Қазір керісінше 32 сағатпен жұмыс істейтін мұғалім көп. Мұндайды қылмыс деп қарау керек меніңше.

Мектепте 16 сағаттан артық сағат берілмесін деген қарар шығарса, сонда мұғалім сабағын сапалы өткізіп, шығармашылық жұмыспен де айналысуына мүмкіндігі болар еді” деді. Сұхбат барысында мектепте хиджаб кию мәселесі де сөз болды. Осы проблемаға байланысты Береке Жұмақаева:

“Қазіргі кезде ең үлкен проблема дін болып тұр. Бір ойлы адамның сөзін оқыдым, “діннен ақшаны алып тастаса, дін өзі-ақ жойылады”  депті. Бастауыштан оқушы ораза ұстау деген не сұмдық?! Ал қыз оқушыларға орамал тақтыру дегені тіпті қисынсыз. Дін мемлекеттен бөлек болуы керек. Мектептің өзіндік бекітілген заң, ережесі бар. Мектепке баратын оқушы да, мұғалім де осы ереже, заңға бағынуға тиіс” деп жауап берді.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.