Мұғалімнің діншіл болуы — дұрыс па, бұрыс па?
Әлеуметтік желіде Саясат Қазыбекұлы мектеп және дін деген тақырыпқа қатысты қысқа да, нұсқа жазба қалдырды деп жазады Democrat.kz.
ТикТок желісінде мешітке бірінші келген кісіге умраға жолдама беру туралы блогердің ұйымдастырған видеосы тараған-ды. Сол видеоға қатысты туындаған ойында:
«Мешітке кім бірінші кіреді, соған Умраға жолдама сыйлаймыз-дейді мына блогерсымақ-жалдамалы. Сүйтсе,тарих пәнінің мұғалімі кірген екен.
Мұғалімдер дінге сенбесін деген жоқ- сенсін! Бірақ мұғалімдікті тастағаны абзал.
Мектепке дінкештерді жолату, ұстаз ету- болашаққа жасаған қиянат, бала өміріне егілетін-қасірет.
Мына мұғалім дінге әлі басымен кете қоймаған адам секілді.
Егер дін сүйегіне сіңген адам болса «жолдаманы алып тұрып» өтірік жылар еді. Бұл ыржаңдап тұр» деп жазды Саясат Қазыбекұлы.
Расында да, әлдебір діни сенімнің жетегінде жүрген мұғалімнің мектепте бала оқытуы қалай болар екен? Осы сұрақпен бірнеше кісінің пікірін сұрап көрдік.
Айгүл Халқоджаева, тәжірибелі ұстаз: «Мектеп — діни сенімін уағыздайтын жер емес. Мысалы мен, жеті атамыздан дінді берік ұстанған қожалардың ұрпағымын.
Алайда, 32 жылдық білім саласындағы жұмысымда ешкімге діни ұстанымым туралы жақ ашпағам. Себебі бізге ата-апаларымыз, ата-анамыз «өз дініңе берік бол, басқаға тықпалама.
Дін — әркімнің жүрегінде сақтаған құпиясы болуы керек» деп үйретті. Ешқашан оқушыларыма дін туралы айтпағанмын. Айтпаймын да. Қажеті жоқ», — дейді.
Аяш Ыбыраева, білікті мұғалім: » Меніңше, онда тұрған ештеңе жоқ. Біздің елдің баласы өзінің мұсылман екенін біліп өсуі керек. Біздің елдің басты діні — Ислам. Оқушыларға ораза ұстау, намаз оқу, түрлі хадистер туралы реті келсе, айқанда тұрған не бар?» — дейді.
Сапар Айтжанов, ата-ана: «Мұғалімнің оқушыға діни, саясаи көзқарасын айтып, тықпалауға қақысы жоқ. Алдында отырған 20-25 оқушының бәрі мұғаліммен бірдей діни ұстанымда болуы шарт емесін ескерсек, мұғалімнің мектеп ішінде діни әңгіме айтуын заң құптамайды.
Себебі біз діни мемлекет емеспіз. Дін дегеніміз де, ру сияқты нәзік тақырып. Мысалы, мұғалім өзінің Дулат руынан екенін айтса, өз руының ерекшелігін, батырларын айтса, ол рудан емес бала қандай ойда қалады?
Соңғы кездері оқушылардың ораза ұстап, жұма намазға шапқылауы — біздегі мұғалімдердің ықпалынан деп ойлаймын. Түрлі діни сенімдегі мұғалімдер мектептің ішінде өріп жүрсе, таңғалмаймын.
Сондықтан бұл мәселе жіті тексеріліп, мектеп діни көзқарастағы діншіл мұғалімдерден тазартылуы керек. Оң-солын танымаған балаларымыз бір күні ата-анасына «кәпірсің» деп қару кезенбесіне кепілдік бар ма?»- дейді.
Ал сіз қалай ойлайсыз, мұғалімнің оқушыға дін туралы айтқаны дұрыс па, бұрыс па?
Дайындаған — Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.