Назарбаевты енді кім қорғайды?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметіне бірқатар өзгерістер енгізді. Оның ішінде, экс президент Назарбаевты қорғау ҰҚК-нің міндеттерінен алынып тасталды. Жарлыққа өзгертулер енгізу туралы Жарлығы 18 наурызда жарияланды, — деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы Dalanews.kz.-ке сілтеме жасап.
Жарлыққа сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережеге бірқатар өзгерту мен толықтыру енгізіліп отыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитетіне мынадай өкілеттіктер берілді:
ақпараттық жүйелерді және электрондық ақпараттық ресурстарды, арнайы техникалық құралдарды, байланыс жүйелерін, арнайы мақсаттағы телекоммуникациялар желілерін, деректерді беру жүйелерін, ақпараттың техникалық арналар арқылы таралып кетуінен қорғау құралдарын, оларды бағдарламалық қамтылымын, қару-жарақ пен жарақтарды әзірлеу, сатып алу, құру (криптографиялық қорғау құралдарын қоспағанда), іске қосу және пайдалану, шифрлау және шифрды ашу жұмыстарын ұйымдастыру.
Осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және меншік нысанына қарамастан ұйымдарымен, шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен және ұйымдарымен шарттар, келісімшарттар жасау;
мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды құру, алу, жинақтау, қалыптастыру, тіркеу, сақтау, өңдеу, жою, пайдалану, беру, қорғау;
мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалған ақпараттық жүйелерді құру, пайдалану, дамытуды, қолдап отыруды, интеграциялауды, пайдалануды тоқтатуды, қорғауды жүргізу;
мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық құжаттарды және өзге де деректерді мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалған ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жинауды, өңдеуді, сақтауды, беруді, іздеуді, таратуды, пайдалануды, қорғауды, тіркеуді, растауды және жоюды жүзеге асыру;
ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне арнаулы тексеру жүргізу.
Сонымен қатар ведомствоға жаңа міндеттер жүктелді:
— мемлекеттiк қызметке алғаш рет немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейiн оған қайта кіретін, сондай-ақ судья, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшісі, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның авиациялық қауіпсіздік саласында бақылау мен қадағалау функцияларын жүзеге асыратын авиация инспекторы лауазымына орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарына арнайы тексеру жүргізуге жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу;
— мемлекеттік құпияларды және олардың көздерін шет мемлекеттерге және (немесе) халықаралық ұйымдарға беру қағидаларын әзірлеу;
— мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік құпияларды қорғаудың мақсаты мен міндеттеріне сәйкес әзірлеу және бекіту;
— әскери, арнаулы оқу орындарынан немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерін шығарып жіберу қағидаларын әзірлеу және бекіту
— ұлттық қауіпсіздік органдарында кадрлық құрамды патриоттық, адамгершілік және рухани тәрбиелеуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмысты жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;
— Қазақстан Республикасының аумағында сыртқы барлау саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті прокурорлардың тізбесін келісу;
— Қазақстан Республикасы Президентінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу («Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы туралы» Конституциялық заңының күші жоюына байланысты).
Фото ашық дереккөзден алынды.