Өмірі тозаққа айналған әйелдер аз емес

0
430

Қоғамда “бишімбаев синдромы” атанып үлгерген сұмдық оқиға талай жағдайдың бетін ашуда. Әйелі Салтанат Нүкенованы соққыға жыққан Бишімбаевтың әрекеті талай әйелдің ішкі жарасын тырнап өткені жасырын емес.

Таяуда Democrat.kz ақпараттық порталына хабарласып, ішкі жан жарасымен бөліскен Жанар Айтбаева (аты-жөні өзгертілді) “Салтанат өз өлімімен бүкіл қазақ әйелдеріне үндеу жасап кетті. Салтанаттың өлімі — бүкіл қазақ әйелінің жасырған жарасын тырнап кетті” дейді.

“Танысқан күні күйеуім алып қашты. Жақсы танымайтын адаммен отау құруға қарсыласа алмадым. Неге? Себебі әке-шешеме “қызы қайтып келген” деген сөзді естірткім келмеді. Іштей танымайтын адамыммен келешегімді елестетуге қорықтым. Қорықсам да, ел-жұрттың сөзіне қалмайын деп амалсыз аттаған босағамда қалдым. Басында бәрі дұрыс еді. Көп өтпей күйеуімнің ішкілікке жақын екенін білдім.

Шырттай киініп, мемлекеттік қызметте жүргеніне қарамастан, күйеуімнің түрлі сылтаумен мас боп келетін күні жиіледі. Қабағым түйілсе, “сен осыны адам етуге тиіссің. Сен ақылды болсаң, күйеуің де түзеледі” дейтін ата-енем. Күйеубалаларының бұл қылығына ата-анам да “бәрі саған байланысты. Әйелі жақсы еркектің күйеуі жаман болмайды” дейтін.

Бірінші сәбиіме жүкті кезім еді. Ішімдегі бала 6 айлық. Күйеуім бірінші рет қол көтерді. “Неге ішесің? Қызметің бар. Жағдайың жаман емес” деген сөзім үшін ауыр аяқ мені тоқпақтап тастады. Мынау қорлық жаныма батып, әпкеме (шешемнің сіңлісі)  бардым жылап. “Қазір бұлай қол көтерсе, кейін талай қасіретіңе себепкер болады бұл адам. Бәрін тастап, кетіп қал. Алматыда білім алған көзі ашық қызсың ғой! Жүкті әйелін тоқпақтаған еркек жақсы еркек емес!” деді. Әпкемнің сөзін тыңдап “кетемін” деп ойладым.

Алайда жағдайдан хабардар болған әке-шешем әпкемнің үйіне келіп, “саған бір күйеуге шық демедік. Өзің қалап шықтың. Енді не болса да көнесің! Бізді жұртқа қарабет етпе!” деп, ал әпкеме “сен отқа май құймай, тыныш отыр. Отбасында ондай-ондай болады. Ештеңе етпейді, әлі-ақ балалы болғандарында басылады. Ақыл айтудың орнына азғырып отырсың!” деп әбден ұрысты.

Жылдар жылжып өте берді. Екі балалы болдым. Күйеуім жыл өткен сайын есірмесе, басылмады. Қит етсе, жұдырығын ала жүгіретін болды. Бұл аздай, достарымен апталап қыдырып кететіні бар. “Қайдасың?” деп сұрасам, “еркекке бұл сұрақты қоюға әйелдің қақысы жоқ!” дейтін. Өзі арақтан аузы босамайтын күйеуім шектен тыс діншіл.

Екі ұлды теледидардың алдына отырғызып қойып, діни мультфильм көрсететін. Арақ сасыған аузымен “Аллаһ Құранда пілен деген, түген деген” деп ақыл айтатынын қайтерсіз!?

Үшінші ұлыма аяғым ауыр кезде күйеуімнен өлесі таяқ жедім. Ол күнді ұмытпаспын. Достары қонаққа шақырған. Сол отырыстан сілейіп мас боп шыққан күйеуімді не түлен түрткенін білмеймін, жолда ұрыс шығарды. Таксиден түскен сәтте тепкінің астына алды. “Сен харамсың! Әйел деген шайтан!” деп тоқпақтаған оның қарулы қолынан қашып құтыла алмадым.

Үшінші баламды 8 айлық етіп дүниеге әкелдім. Денсаулығы әлсіз болып келген ұлым екі күннің бірінде ауырып қалатын. Екі жасқа толған туған күнінде отбасы болып дастарқан жайып, тойладық. Алайда туған күннің шырқын күйеуім бұзды. Сол баяғы түрлі себеп-сылтаумен ұрыс бастапы, оның ақыры қол жұмсауға ұласты.

Екі ұлым қорқып, бөлмесіне қашып тығылды. Ал екі жасар ұлым неге екенін білмеймін, диванның шетін шұқылаған күйі бір орында тапжылмай, отыра берді. Сол күнгі баламның түрі әлі көз алдымда. Сол күннен кейін кіші ұлдан маза кете бастады. 2-3 күндей мазасызданып, ақырындап қызуы көтеріліп, мұрны қанап бастады.

Бірнеше күнге созылған бұл мазасыздықтан соң, кіші ұлды алып емханаға апардым. Міне, сол күні өмірімнің ең ауыр үкімі шығып еді. Кіші ұлға ақ қан (лейкемия) диагнозы қойылды…

Бір жыл бойы бұл ақ қан ауруымен алыстық. Болмады. Үш жасқа толған күні ұлымды мәңгі мекеніне шығарып салдық.

Қазір екі ұлымның бірі тұтықпа дертіне шалдыққан. Ал бірі тұйық. Ешкіммен сөйлеспейді. Күйеуім “күйіктен ішем” деп мас боп келіп, өкіріп жылайды. Ажырастық па? Жоқ. Ажыраспадым. “Кетем” десем, күйеуім екі баланы алға тартып, жалынып, жалбарынып жылағанда, сай-сүйегім сырқырайды. Кеткенде де қайда барам деп ойлаймын.

Әке-шешем “сол үйден өлігің шықсын” дейді. Екі баламмен далада қалам деп қорқамын. Жұрт не дейді деп қорқамын. Ажырасқан деген аттан қорқамын. Бәрінен қорқамын әйтеуір. Осы бір қорқыныштың құшағында күнім өтіп жатыр. Бұл қорқынышты жеңе алмайтын сияқтымын. Себебі бұл қорқынышты дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап айналамыз әбден санамызға сіңіріп тастаған. Мен сияқты “бақытты отбасының” рөлін ойнап жүрген оңтүстікте миллиондаған әйел бар”,- дейді Жанар.

Бұл жағдайға байланысты алып-қосарыңыз бар ма?

 

Фото ашық дереккөзден алынды.