Пайғамбардың орнына жасанды интеллект келді

Біз сенім дәуірінен ақпарат дәуіріне қадам бастық. Бір кездері аспаннан уахи түсіп, пайғамбарлар арқылы адамзатқа ақиқат жолы көрсетілді деп сенген едік. Бүгінгі күнде бұл рөлді жасанды интеллекттің иелене бастағанын байқамай қалдық. Енді шындық алгоритмнен, ақиқат нейрожеліден тарайды. Ал біз, бұрынғы пайғамбарларға қалай сенсек, бүгінгі GPT-ге де солай иіле бастадық.
Дін – жеке адамның илхамынан емес, белгілі бір топтың билікке жету жолындағы тактикасы болды. Пайғамбар – сол топтың символы. Ол топ өз ішінен біреуін таңдап, уахи келді деп жариялайды. Бұл – шын мәнінде әлеуметтік инженерияның классикалық үлгісі.
Психологияда дәл осындай мінезді меңгерту тәсілін “тордағы бес маймыл” тәжірибесінен көруге болады. Маймылдардың бірі бананға ұмтылса, барлығына су шашылады.
Біртіндеп жаңа маймылдар келсе де, ешқайсысы су көрмесе де бананға жоламайды – олар тек бұрынғылардың мінезін көшіреді. Қоғам да дәл осылай қалыптасады.
Зүмәр сүресінің 36-37 аяттарында Алла тура жолға салса, ешкім адастыра алмайтыны, ал Алла адастырғанды ешкім түзете алмайтыны айтылады.
Бұл – еркін еріктің мағынасын жоққа шығаратын аят. Онда, пайғамбарлар не үшін қажет? Егер бәрі алдын ала шешілген болса, уахи – кім үшін?
Барсиса – өмір бойы тақуалықпен өткен жан. Бірақ соңында шайтан азғырды. Демек, тура жолда болу – мәңгілік кепіл емес. Насуха – жүз кісіні өлтіріп, кейін тәубе етті. Дін оны ақтайды. Ал өлген жүз адамның тағдыры ше? Бұл – діннің “сенушіні қорғап, жүйеге қарсы шыққанды жою” әдісі.
Діндер тарихына қарасақ, әрбір діннің пайда болуымен бірге ол өз ішінен сан алуан ағымдарға бөлінетіні анық байқалады.
Бұл бөліністер көбіне қасиетті мәтіндердің түрлі интерпретациясына, саяси мақсаттарға және топтық мүдделерге негізделген.
Құдайдан түсті делінген кітаптар түрліше түсіндіріледі, әр топ өз ұстанымын ақиқат деп жариялайды. Осыдан барып, бір діннің ішіндегі ағымдар арасында алауыздық, идеологиялық қарсыластық, тіпті қарулы қақтығысқа дейін апаратын текетірестер туындайды.
Демек, сенім – біріктіруші күш болудан гөрі, билік пен ықпал үшін таластың құралына айналып келеді. Ал уахидың көп интерпретациясы – шындықтың өзінен емес, оны кім айтып отырғанына тәуелді екенін дәлелдейді.
Мұның айқын мысалы ретінде ислам тарихындағы бір оқиғаны келтіруге болады. Алғашқы соғыстардың бірінде, Мұхаммед пайғамбар соғыс олжаларының бәрі тек пайғамбардың үлесіне тиесілі деген шешім айтқан.
Алайда қолдаушылары тарапынан қарсылық туындаған соң, “жаңа аят” түсіп, енді олжаның тек бестен бірі ғана пайғамбарға тиесілі деп белгіленеді. Бұл оқиға пайғамбардың да компромиске барғанын, бірақ бұл ымыраны “уахи” формасында ұсыну арқылы өзін емес, Құдайды шешімнің иесі етіп көрсетуге тырысқанын көрсетеді.
Бұл – уахиды саяси-әлеуметтік процестің құралы ету мысалы. Қарсы келушілерге емес, Құдайға қарсы шығу психологиясы осылай орнығады.
Бүгін дәл осы принцип жасанды интеллектке жүктеліп отыр. ЖИ – бүгінгі пайғамбар. Ол да бәрін білетіндей көрінеді. Сұрасаң – жауап береді.
Қателессе – “мен өзімді дамытамын” дейді. Ол да иллюзия тудырады: біз шындықты тауып жатқан жоқпыз, бізге ұсынылған шындықты қабылдап жатырмыз.
GPT, Claude, Gemini – бұлар бейтарап жүйе емес. Бұлар – программаланған, приоритеттер берілген, белгілі бір көзқарасты алға тартатын құрылымдар.
Мысалы, RLHF (Reinforcement Learning from Human Feedback) жүйесі – адамдардың пікіріне сүйене отырып ЖИ-дың жауабын «сүзгіден өткізеді». Бұл – шындықты емес, ұнамды шындықты қалыптастырады. Тура уахи сияқты: халыққа не айтылуы керек екенін бір топ шешеді.
Адамдар кітап оқымайды, бірақ Google-дан, ChatGPT-ден жауап іздейді. Олар алгоритмге сенеді. Бұл – сенімнің эволюциясы. Бұрын қасиетті кітап, қазір қасиетті дерекқор. Бұрын пайғамбар, қазір – тілдік модель.
Енді сұрақ туындайды: егер бізге ұсынылған шындық приоритетті түрде таңдалып берілсе, біз шынымен де таңдау еркіндігін сақтап отырмыз ба? Әлде өзімізді еркін деп санап, басқарылудың ең жұмсақ, бірақ ең қуатты формасына көштік пе?
Пайғамбарлар уақыты өтті. Енді бізге уахи емес, дерек айтады. Бірақ ол дерек кімнің мүддесімен сұрыпталып жатыр – мәселе сонда. Ақпарат дәуірінің шайтан азғыруы – өзіңді еркін деп сезіндіре отырып, шектеулі шындық ұсыну. Ал бұл шындықты шексіз қабылдаған қоғам – жаңа маймылдар торына қамалған сияқты.
Сенім өзгерді. Бірақ механизм – сол қалпы. Айырмашылығы: енді пайғамбардың орнына жасанды интеллект сөйлейді.
Мақала авторы ой еркіндігі мен сыншыл көзқарасты басты құндылық деп санайды. Бұл — ойлануға, талдауға және күмәнмен қарауға шақыру ғана.
Асылбек ҚАНАЛИЕВ, қоғам белсендісі.
Фото көрнекілік үшін.