Роза Әлқожа: “Өлсең де, қашып құтыла алмайсың!”
“Абьюзердің характерін, қулығын, тактикасын, ойынын өте жақсы білемін” деп жазады әнші Роза Әлқожа өзінің Инстаграм парақшасында абьюзерлер туралы.
”Олар, өз “жертвасы” үшін өте қатты күреседі. Сені таңдаса, өлсең де қашып құтыла алмайсың. Итпен іздеп, мысықтай аңдиды. Және, “анау-мынауға” ауыз салмайды. Көрікті, рухы мықты, жан дүниесі таза адамдарды таңдайды. Жүргіш әйелдерге өлсе де жоламайды. Жүргіш қатындар — сүйікті дессерті.
Қысқасын айтқанда, көріктінің қасында бағасын асырады. Ертіп жүргенге “приятно”. Рухы мықтымен айқасу — кайфтың пигіне жеткізіп тұрады. Оның үстіне мықты әйелдер маңқасы ағып жылап, мияулап, сөлпиіп, сүміреймейді. “Әйт” десе түк болмағандай жайнап, құлпырып шыға келеді де, еріп жүре береді.
Жан дүниесі таза адамдар аңғал, көнгіш, сенгіш келеді. Мөп-мөлдір көлді былғап ойнағанның рахатын да өздері ғана біледі.
Абьюзермен он жыл өмір сүрсең есалаң, қорқақ, ауру болып тынасың.
Ештеңе қызық емес! Сендегі ерекшелікпен алысып, қасиеттеріңді жоюға күш салады. Сүйікті істеріңнен тиып, сүйікті адамдарыңнан алшақтататып, рухыңды сындырып тастайды. Ішкі шеріңді ешкімге айта алмай, сендіре алмай, жарылып кетуге шақ жүресің.
Сырт көзге “сенде бәрі жақсы” Өйткені, абьюзерлер тіл тапқыш қасиетке ие, ораторлар. Сені жақтайды-ау дегендерге жағынып, ұнап алады. Сенімен сырласқансып отырып, суыртпақтап жұрт жайлы сырларыңды біліп алады да, қит етсең сол сөздеріңді көркемдеп, құлпыртып, көпсітіп, ойынан құрап алғанын қосып, өзіңе қарсы қару ретінде қолданатын болады.
Әлеміңнен өзінен басқаны қуып шығып, жалғыз қалдырады.
Бишімбаев Салтанат марқұмды өледі деп ойлаған жоқ. Өлім аузынан қайтып келеді деп ойлады. Неге дейсіз бе?
Өйткені, олар жауыздығын біртіндеп өсіреді. Миыңды іліп жеуден қасықтап жеу процесіне де қадамдап көтеріледі. Сені қандай соққыдан да тұрып кетуге тәрбиелейді.
Тұру керексің!
Бишімбаев Салтанатты “Біреумен болдың ба?” деп мүжіп жатыр ғой. Құдай-ау, қандай таныс жағдай!
Абьюзер досынан да, бауырынан да, көршіден де, ұшқан шыбыннан да қызғана береді. Анығында, ол сені қорлап, жаныңды жеу үшін көрінгенге әдейі теңейді. Саған жылы сөйлеп, күліп қарап, комплимент айтқанның бәрі — төсектесің!
Айналасындағы ойы, бойы, ақылы, беделі өзінен жоғары адамдарды жек көреді. Тек, күші жетпейді. Қорланады. Ол адаммен аса зор ілтипатты қатынас жасайды. Ходы сондай. Сосын, осы қорлығын сенен алады.
Саған теңеп, екеуіңді ойша аунатып, оның саған айтқан комплименттері мен сөздерін санап, дамытады. Ұрады, соғады, жазалайды. Жауынан төмен болғаны үшін өтіп кеткен кегін солай басады.
“Ол сені сүйе ме? Неге саған ғана қарай береді? Неге сені қолпаштайды? Үйкеліп өтті… Онікі қалай екен, а?…” деген сияқты айыптаулар фантазиясын байыта береді, байыта береді…” деп жазады әнші Роза Әлқожа.
Фото ашық дереккөзден алынды.