Саясаттанушы болжамы: Тоқаевтың мерзімі біткен соң не болмақ?

0
66

Қазақстандық саясаттанушы Наргис Қасенова Atlantic Council сайтына жариялаған «Айналасында алпауыт державалар: Қазақстан геосаяси арқанда баланс ұстап тұр» материалында Қазақстанның жағдайына сараптама жасаған. Сөзінше, Қазақстан  үш жолдың торабында тұр. Оның қайсысын таңдаса, елдің көп жылдардағы болашағы соған тәуелді болады.

Саясаттанушы World Population Review-дің еркіндік индексіне сүйене отырып, Қазақстанның экономикалық және саяси жағдайын бағалап, елдегі үрдістерді талдады.

Кейінгі 30 жылда Қазақстан экономика мен халықаралық интеграцияда ілгеріледі. Бірақ басқару, демократия және адам құқықтары салаларында күрделі мәселелер қалып отыр.

Назарбаев билігі кезінде (1990 – 2019 жылдар) елде саяси бостандықтарға шектеу қойылды, мұны 1999 жылдан 2019 жылға дейін саяси еркіндік индексінің төмендеуі дәлелдейді. Негізгі өзгерістер 2019 жылы Назарбаев кеткеннен кейін бола бастады. Ал өтпелі кезеңнің аяқталуы 2022 жылдың қаңтарында наразылықпен сипатталды.

Саясаттанушы назар аударатын бірінші аспект – Қазақстанның жағдайын жақсартуға көмектесетін экономикалық фактор. Ел экономикасы дамып келеді, бұл оның рейтингтеріне оң әсерін тигізіп отыр. Дегенмен экономикалық дамуға қарамастан, саяси бостандықтар қысым астында.

1999-2019 жылдар аралығындағы 20 жылда Қазақстандағы саяси бостандық деңгейі төмендеді. Бұл саяси пікір білдіру және бейбіт жиындар өткізу құқықтарының нашарлауынан көрініп, индексте 20 ұпай жоғалтты. 2003, 2011, 2016 жылдары сөз бостандығын шектейтін заңдар қабылданды. Бұл да саяси құқықтар жағдайының нашарлауына ықпал етті.

2022 жылғы қаңтардағы наразылық Назарбаев жақтастарының билікті қайтарып алу әрекеті болды, бірақ олар сәтсіз аяқталды. Нәтижесінде Қазақстан бұрынғы президенттің мұрасынан құтылды, ал Тоқаев реформаларды жариялады. Бұл реформалар басқару сапасын арттыруға және суперпрезиденттік саяси жүйенің шығындарын жоюға бағытталған. Дегенмен саясаттанушы саяси либерализация елді тұрақсыздандырып, оны сыртқы араласуға осал ете алатынын, бұл геосаяси жағдай аясында ерекше маңызды екенін атап өтеді.

Негізгі проблемалардың бірі – сыбайлас жемқорлық. Сот реформасы сияқты реформалау әрекеттеріне қарамастан, бұл саладағы жұмыстардың нәтижесін алдағы жылдары ғана бағалауға болады.

Табиғи ресурстарға негізделген Қазақстанның экономикалық өсімі әл-ауқат рейтингінде жоғарылады. Дегенмен елде өңірлер арасындағы, қала мен ауыл арасындағы теңсіздік әлі де жоғары. Мысалы екі ірі қала – Алматы мен Астанада оң, ал мұнай өндіруші аймақтарда табыс пен кедейшілік деңгейі бірдей жоғары, ал оңтүстік ауылшаруашылық аймақтары бұл критерийлер бойынша нашар көрсеткіштерге ие.

Білім беру саласында қазақстандық мектеп оқушылары Еуропадағы құрдастарынан айтарлықтай артта қалды, бұл стандартталған тестілеудің нәтижелерімен расталады.

Саясаттанушы Наргис Қасенова Қазақстан тарихындағы қазіргі сәтті бетбұрыс деп сипаттайды. Ол 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар Назарбаев дәуіріне нүкте қойғанын айтады.

Ал Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруі посткеңестік кеңістіктегі саяси және қауіпсіздік саласындағы тұрақтылыққа нұқсан келтіргенін атап өтті. Бұл ішкі және геосаяси күйзелістер алаңдатарлық болса да, өзгерістер мен жаңа бастамаларға жол ашады.

Қасенова радикалды исламшылдықты ескеріп, діни бостандықтардың жағдайы нашарлай қоймас деп болжайды. Құқықтық бостандықтар мен өркендеу саласында ел рейтингте көтерілуі мүмкін, бірақ ол үшін реформаларды жалғастыру қажет, ал қоғам оларды жүзеге асыруға дайын екенін көрсетуі керек.

Тоқаевтың мерзімі біткен соң не болмақ?

Наргис Қасенова 2029 жылға қарай президент Тоқаевтың өкілеттігі аяқталғанда, Қазақстанның қалай дамитыны анық болады деп болжайды. Ол қазақстандық қоғамда либералды және антилибералды күштердің бар екенін және өсіп келе жатқан әлеуметтік консерватизм мен исламдық жаңғыру келешекте күрделі мәселеге айналуы мүмкін екенін айтады.

Геосаяси тұрғыдан алғанда, Ресей мен Қытайдың толық бақылауында болмас үшін Қазақстанға Батыспен тығыз байланыс қажет. Бірақ бұл байланыстар Мәскеуге де, Бейжіңге де ұнамайтыны анық. Батыс, өз кезегінде, Қазақстанмен өзара іс-қимылдың жаңа, тиімді жолдарын іздеуі қажет болады, өйткені қазіргі жағдай 1990 жылдардағыдан өзгеше.

Саясаттанушы Қазақстанның алдағы жылдардағы дамуының үш ықтимал сценарийін көреді:

Оптимистік сценарий «Көбірек еркіндік, көбірек гүлдену». 2029 жылы Тоқаев өз өкілеттігін аяқтаған кезде билікті бейбіт жолмен береді. Нәтижесінде Батыспен қарым-қатынас нығайып, Қазақстан либералдық құндылықтар мен нормаларға қарай жылжиды.

«Бостандық құнымен өркендеу» сценарийі. Қазақстан әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға назар аударады, бірақ реформалар шектеулі болады деп болжайды. Мемлекет қоғамды бақылауды күшейтіп, оның ішінде заманауи бақылау жүйелерін қолданады. Қазақстан авторитарлық елге, Қытайдың серігіне айналуы мүмкін.

Пессимистік сценарий «Бостандық жоқ, өркендеу жоқ». Бұл сценарий бойынша Қазақстан ішкі қайшылықтарға немесе сыртқы тұрақсыздыққа тап болады. Авторитарлық режимді неғұрлым жұмсақ, тиімдірек басқарылатын жүйеге айналдыру қақтығыстардың алдын алып, елдің дамуын жақсарта алады, бірақ оның тәуекелдері де бар. Мұндай жағдайда Ресей Қазақстанды «құлату» үшін гибридтік соғысты бастауы мүмкін.

Бұл сценарийлер арасындағы таңдау Қазақстан үкіметі мен халқының шешіміне, әрі қарай дамуына байланысты.

Фото көрнекілік үшін.