«Северный казах»- биліктің саясатына қарсы ма?

0
220

Телеграмм әлеуметтік желісінде  «Северный казах» деген арна ақпараттарымен ұлттардың араздығын қоздырып отыр деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы.

Атауының өзін “Северный казах” деген бұл арнада жазылатын пікірлер мен таратылатын ақпараттарды тиісті мекеме жіті назарға алмаса, “бүйректен шығатын сирақты” көруіміз әбден мүмкін.

Мәселен, күні кеше ғана осы арнада “Оңтүстіктен-Солтүстікке” көш жұмыстары үшін жанталасып, жұмыс істеп жүрген қоғам белсендісі Бурахан Дақановтың Петропавл атауын қазақшалау туралы видеосын бөліскен.

Бұл видеоның астындағы бір ғана пікір тұтас осы арнаның ұстанымын көрсетіп тұрғандай. “Топонимка ғана емес, Батыстан-Шығысқа көшіру саясатының салдарынан Украинада не болып жатыр” деп жазады HIKARI атты біреу. Не дегісі келді? Түсіндіңіз бе?

Осы арна туралы бүгін журналист Думан Бықай да өз парақшасында жазба жариялады.

“Арның өсу динамикасы сұмдық. Екі апта бойы сырттай бақылап келеміз. Кеше админімен тілдесуге талпынып көрдік. Ұдайы демеушілік етіп, донат жіберетін армиясы бар. Кремльден донат ала ма, жоқ па ол жағын анықтау үстіндеміз…

Контентінің бағыт-бағдары белгілі. Кеше Бура братты, Бураханды жамандап жазыпты. Солтүстікті қазақтандыру процесі жүрдек жүріп жатқанына қынжылыс білдіріпті. Бұл бергі жағы…

Dala inside-ты жүргіземіз ғой, телегадағы пост қоғамдық пікірді мобилизациялауға қатты әсер етеді.

Әлгіндей арналарға әдетте белгілі бір мәселеде солидарлық танытатын оқырман жиналады.

«Теріскей өңірлер Ресейге тиесілі…» деген тезисті жатпай-тұрмай қамшылап жатқан арнаны Ақпарат министрлігі назарына алуы керек-ақ.

Арнаның админі Тик-токтың аудориясына жақсы таныс Аслан деген жігіт.

Ол жақта да қалың орман оқырманы бар (40 мың адам).

Жалпы соңғы жылдары Кремль Facebook-тен күдер үзіп, басқа платформаларды жәукемдей бастады.

Қазақстандық Тик-ток пен Телеграмды русификациялау «медленно, но верно» жүріп жатқан жайы бар.

Билік бұған дейін «Тіл патруліне» тыйым салды ғой. Қуат Ахметов, Диас Құзайырлардың жолын жалғау заңмен қудаланады. Дәл осы принціпті әлгіндей арналарға да қолдану қажет-ақ.

Телеграм үлкен саяси инструмент. Дәстүрлі медиафилтірлер мен цензураны айналып өтетін мүмкіндігі бар. Әлгі арна Мәскеудің арсеналына кірсе, Қазақстандағы ресейшіл қауымды координациялатын қуатты күшке айналады. Қолымызды мезгілінен кеш сермеп жүрмейік…” деп жазады Думан Бықай.

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

Democrat.kz.