Шымкенттегі медреселер бюджеттен шытырлатып миллиондар алып отыр

Былтыр Шымкенттің Білім басқармасы бюджеттің 463 млн 140 мың теңгесін молда дайындауға жұмсаған. Бұл туралы журналист Ораз Әлімбеков жазды деп хабарлайды Democrat.kz.
Өзінің кезекті зерттеу жазбасында журналист Ораз Әлімбеков Шымкент қалалық Білім басқармасының аймақтағы медреселерге бюджет есебінен миллиондаған теңге қаржы бөлгенін айтып, шымкенттік белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлына өтініш жасады.
«Құрметті Өмір Шыныбекұлы ! Сізді республика халқы орта білім беру саласындағы проблеманы тайсалмай айтып жүрген ұлағатты ұстаз деп біледі. Мектептің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Сізге жағдай таныс.
Мен де еңбек жолымды математика пәнінің мұғалімі болып бастағанмын. Өкінішке орай, 30 сағат жүктемемен жұмыс істеген менің айлық жалақым бір пар туфлиге жетпеді… Мектептен кеттім…
Мен сияқты қаншама жас маман мектептен кетуге мәжбүр болды. Мұғалімдердің жалақысына сай емес ауыр еңбегін, жай-күйін, мектептегі проблеманы айтып тауысу қиын. Сондықтан нақты мәселеге көшейін.
Шымкент қалалық Білім басқармасы мектепке тиесілі жүздеген миллион бюджет қаржысын мүфтияттың «Шымкент медресесіне» беріп отыр. Бұл – заңсыз.
«Шымкент медресесі» былтыр Шымкент бюджетінен кемі 463 миллионнан астам теңге, Түркістан облыстық Білім басқармасынан 12 миллионға жуық теңге алған (суретті қараңыз).
Бір ай бұрын Шымкенттің Білім басқармасы әлгі медресеге 328 млн 999 мың теңге бөлген. Бұл заңсыздық мұнымен бітпейді…
Жыл соңына дейін медресе тағы жүздеген миллион теңгеге екі-үш мәрте білім грантын алуды ойластырып жатқан сияқты.
Бұған дейінгі жылдардағы медресеге берілген бюджет қаржысын да түгендеу қажет. Осы заңсыз процесті тез арада доғару керек.
Құрметті Өмір аға! Сіз еліміздің жанашыр азаматы ретінде Шымкент қалалық Білім басқармасын сотқа беріп, мемлекеттік құрылымға жатпайтын діни ұйымға жылыстап кеткен бюджет қаржысын кері қайтаруға қайрат қылады деп сенеміз.
«Қайтқан малда қайыр бар». Миллиардтаған теңгені Шымкент бюджетіне қайтарсақ, онда ол қаржыны балалардың жарқын болашағын қамдайтын жобаға жұмсаймыз» деп жазды журналист өз парақшасында.
Фото интернеттен.