“Соңғы қоңырау” оқушыларды сорлатуда

0
6166

Жыл сайын елімізде 25 мамыр оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау соғылады. Алайда жыл сайын осы күні еліміздің әр тарапынан түрлі оқыс оқиғалар да орын алатыны шындық.

Оқу жылымен және мектеппен қоштасатын оқушылардың қауіпсіздігі үшін жыл сайын Оқу ағарту мен Ішкі істер министрлігінен бастап, жергілікті Білім бөлімдері, полиция тарапынан ресми ескерту жасалудай жасалады-ақ. Алайда соған қарамастан 25 мамыр білім саласындағы мейрам күнінен гөрі қайғылы оқиғамен аяқталып жататыны да жасырын емес.

Биыл да дәл сондай оқыс оқиғалар болды. Жамбыл облысында мектеп бітіруші түлектер  жантүршігерлік жол апатына ұшырап, салдарынан көлік жүргізушісі қайтыс болды.

Дәл осындай кортежбен кезген бітіруші түлектер Алматы қаласының көшелерінен жүріп өтіп, тау бөктеріне барып сайран салғанын әлеуметтік желілерден көруге болады.

25 мамыр күні кәмелеттік жасқа толмаған маңғыстаулық 47 оқушы соңғы қоңыраудан кейін өзара төбелесіп, полиция бөліміне  жеткізілді.

Осы күні Алматы, Түркістан облысында кортежбен көлбеңдеген бітіруші түлектер жол ережесін бұзып, сақшылардың көзіне түсті.

Ал Маңғыстау облысында ата-аналар  жасырын түрде балаларына жеке үй жалдап беріп, “қоштасу кешін” ұйымдастырғаны анықталды.

Келтірілген бұл деректер жарияға шыққандары ғана. Ал жасырын түрде өткен қаншама кортеж керуені көше кезді, қанша “қоштасу кештері”  өтті, кім білсін. “Тыйым салынады!” деген бұйрыққа қарамай, соңғы қоңырауда осылай еліріп, шектен шығатын әрекетке баратын оқушы емес, ең бірінші олардың құлағын көтеретін ата-анасы мен мұғалімдері.

Егер үйде ата-анасы, ал мектепте мұғалімі “болмайды, тыйым салынған” деп желпілдеген оқушының “тізгінін тартып” отырса, соңғы қоңырау оқушының соңғы сапарға айналмасы анық. Ал бізде қалай?

Кейбір сынып жетекшілері “мектептегі ең керемет кезеңнің соңғы сәттері” деген желеумен оқушыларына жел беріп, желпілдетеді. Мақсаты — соңғы қоңырауды мерекеге айналдыру арқылы оқушыларынан (дұрысы ата-аналардан) сыйлық алу. Өттері жарылып кетсе де, айтайық, елімізде осындай арсыз мұғалім өте көп.

“25 мамыр кортеж жалдаймыз, қоштасу кешін өткіземіз” деп сосын оқушы ата-анасына қиғылық салады. “Басқалардан балам кем қалмасын” деген ата-ана қарызданып-қауғаланып ақшасын қосады. Жиналатын бұл ақшаның ішінде міндетті түрде мұғалімге сыйлық (гүл емес! Алтын, күміс бұйымдары) беріледі.

Өкініштісі сол, сыйлық дәмету арқылы оқушыларын қауіпке итермелеген мұғалім де, “балам басқалардан кем болмасын” деген сауатсыз ата-ана да ұшып-қонып тұрған 17-18 жасар баласының басын қауіпке тіккендерін мойындамайды.

Міне, осындай салғырттық пен сауатсыздықтың зардабын оң-солын танымаған оқушы тартады. Шындыққа тура қарайықшы, ата-анасы мен мұғалімі рұқсат бермесе, оқушылар өз бетімен кортежде кезіп, қоштасу кешін өткізе ала ма? Жоқ.

Сондықтан да соңғы қоңырау, қоштасу кеші, кортеж секілді оқиға анықталған мектептің басшысынан бастап, мұғалімін, ата-аналарды қылмыстық жауапқа тартып, 2-3 рет жазаласа, бәлкім өзгелеріне сабақ болар ма еді, қалай ойлайсыз?

Хақназар САДЫРХАН,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.