Су астынан табылған Құранды қалпына келтірген

0
731

Бүгінгі таңда Астанадағы реставрация орталығында 4 маман жұмыс істейді. Олар 2018 жылдан бері 200-ге жуық көне кітапті қалпына келтірген. Арасында Қазақ хандығы мен Алтын Орда заманынан қалған құнды еңбектер бар.

Реставрация және консервация бөлімінің басшысы Сырым Ботабеков кітап емдеушілердің жұмысы туралы айтып берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«15-16 ғасырдан қалған кітаптың түпнұсқасы бізге әлі келген жоқ, соған қарамастан біраз ескі кітаптарды қалпына келтірдік. Бізге судың түбінде ұзақ уақыт қалған Құран кітабы келді.

Су астында қанша уақыт жатқаны белгісіз, құнды кітаптің беттері кірпіш секілді бір-біріне әбден жабысып қалған. Орталыққа жеткенше тапқан адамдар бетін ашып, жыртып үлгерген. Мамандар құнды қағазды 19 ғасырдың аяғында шығарылған деп топшылады.

Өйткені су астында сиясы ақпаған қалпы сақталған екен. Құран кітапты қалпына келтіру біз үшін жаңа тәжірибе болды. Өзімізге мұндайды қалпына келтіре аламыз ба деген сұрақ қойдық», — деді маман.Ботабековтың сөзінше, су түбінде ұзақ қалған Құранның бетін ашуға бір айға жуық уақыт кеткен.

Кітапты ашуға алыстан ылғалдандыру тәсілі қолданылған.»Кітапты арнайы қағазбен орап, полиэтилн пакетке салдық. Кейін 2-3 күннен соң бір бетін ашып отырдық.Көне кітаптың реставрациясына 3 айға жуық уақыт керек болды. Кейде араб алфабитімен жазылған кітаптардың бетінің саны болмайды, мүлдем  түсініксіз болып жатады. Мұндай жағдайда ғылыми бөлімге жүгінеміз. Олар кітаптың аннотациясын жазып береді», — деді ол.

Маман Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы қалай қалпына келтірілгенін айтып берді.

«Жауапты істің бірі 2022 жылы болды. Сол жылы Кенесары ханға сыйлаған Құран елге жеткізілген еді. Кітап Астанамызда реставрациядан өтті. Еліміз үшін өте құнды әрі қасиетті кітап болды. Қазақтың ең соңғы ханы, ел ішінде Хан Кене жөнінде түрлі аңыз тараған.

Мұны қалпына келтіру кезінде аса жауапкершілікпен мұқият жасадық. Қызметкерлер намысқа тырысып істеді. Құран кітаптің өзін қалпына келтіруге 3 ай уақыт жұмсадық. Одан бөлек, кітапты тазалап, өңдеу жұмыстары тағы бар», — дейді Сырым Ботабеков.

Ескі кітаптардың адам денсаулығына зияны бар ма?

«Жалпы кітаптар органикалық заттардан жасалады. Оның беттеріне шыбын-шіркейлерден бөлек, зең мен шаң кенесі қаптауы мүмкін. Олар көзге көрінбейді, бірақ зиянын тигізеді», — деді ол.

Ботабеков ескі кітаптарды қалай ұзақ уақыт сақтауға болатынын түсіндірді.

«Егер ескі кітап болса, бөлмедегі температура 16-20 градус аралығында болуға тиіс. Ылғалдылық 50-60 пайыз болған жөн. Сонымен қатар кітап қоятын орынның жарығы 150 люкстен аспауы керек. Кітапқа тікелей күн сәулесі түспеуге тиіс, былайша айтқанда, қараңғы жерде сақтауға тырысу керек.

Бөлме температурасы 30 градустан асып кетсе, кітап парақтарындағы химиялық процестер екі есе артып кетеді. Дұрыс сақталған кітап 200-300 жылға жетеді», — деді Сырым Ботабеков.

Фото ашық дереккөзден алынды.