Тағы бір оқушы өз-өзіне қол салды

0
196

Атырауда 8-сынып оқушысы өз-өзіне қол салды. Жантүршігерлік оқиға 10 қыркүйекте болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде тараған ақпаратты полиция растады. Қаладағы орта мектептердің бірінде 8-сынып оқушысы кешкілік уақытта өз үйінде көз жұмған. Оқуда озат, алғыр, үнемі жарқын мінезді жүретін оқушының мұндай әрекетке барғанын естіп, ұстаздары да аң-таң. Өйткені қыз бала сол күні сабаққа қатыспаған. Мұғалімдері «оқушының ешқандай оғаш қылығын байқамадық, мінез-құлқынан өзгеріс көрмедік» дейді.

«Оқушының өрескел қимылын байқамадық. Ол туралы жаман пікір айтылмаған. Мектепте жақсы оқиды, ақкөңіл оқушы. Басқа да бір қылықтарын көрген жоқпыз. Не себеп болғаны бізге де беймәлім болып отыр, – деді № 24 мектептің директоры Әлия Еділбаева.

Полиция аталған дерекке қатысты іс бастап үлгерген. Тергеу Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қозғалды. Әзірге оқушының мұндай әрекетке не үшін барғаны белгісіз.

«Атырау қаласындағы жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсау дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Іске қатысты кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Айта кетейік, аталған оқиғадан соң өңірдегі барлық білім беру ұйымында түрлі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әлімжеттікке қарсы күрес шаралары күшейтілді.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.