Жұртты шулатқан зәулім сарай кімдікі екені белгілі болды
Мешітке ұқсатып салған Астанадағы алып үй кімдікі? Жолаушы-аспаздың сөзін ілікке алып таксиші жариялаған мынау видеодағы үш күмбезді алып үй Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіповтің де, Бас мүфтидің баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайдың да дегбірін кетірді.
«Халықтан жиналатын пітір-садақа мен зекеттің ақшасы осындай үйлерге кетіп жатыр» деген сыңайда ойын айтқан таксишінің сөзі мүфтиятқа жебедей қадалса керек.
Ораза қарсаңында мұндай видеоның жария болуы пітір-садақа дұрыс жиналмай ҚМДБ «экономикасын» зор шығынға ұшыратуы мүмкін.
Сондықтан мүфтият басшылығы «бұл үй Астананың бас имамына тиесілі емес» деп жанұшыра мәлімдеді.
Дегенмен, мешітке ұқсатып, үш күмбезді етіп салынған үйдің кімге тиесілі екенін мүфтият басшылары айтқысы келмей жасырып қалды.
Молдалар «Бас имамдікі болмаса, онда кімдікі?» деген оқырман сұрағын жауапсыз қалдырды.
Сұрағына жауап ала алмай көкірек сарайы күпті болып қалған оқырманның көңілін жайлау үшін мен мүфтият маңындағы құпия дерреккөзіме жүгіндім.
Дереккөздің айтуынша, видеодағы алып үй 2010-шы жылдардың ортасында «Зекет» қорының Астана филиалының директоры болған Нұрлан Әлжанқұловқа тиесілі екен.
ҚМДБ-ның «Зекет» қорына қаржы топтастыруда қордың Астана бөлімшесі маңызды рөл атқаратынын білеміз, себебі қайырымдылыққа мол қаржы бөлетін ұлттық және жеке ірі компаниялар осы қалада орналасқан.
Қазіргі Бас мүфти Наурызбай Өтпенов 2013-2018 жылдары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы қызметін қатар атқарған.
Сол жылдары Нұрлан Әлжанқұловтың «Зекет» қорының Астана бөлімшесіне директор болуы ҚМДБ жүйесінде Наурызбай Өтпенов лауазымының күшейе түсуімен байланысты сияқты.
Кейінірек Нұрлан Әлжанқұлов «Зекет» қорынан кетті, қазір ол өзінің жеке бизнесімен шұғылданып жүр. «Әлжанқұловтың бизнесіне Өтпеновтің қатысы бар ма?», «Үш күмбезді алып үйде әлі Әлжанқұловтар тұра ма, ол үй кімнің намына жазылған (рәсімделген)?» деген сұраққа құпия дереккөз «әзірге оның анық-қаныған білмеймін» деп жауап берді.
Ораз ӘЛІМБЕК, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото автордың парақшасынан.