«Қазақпын!» деп мақтана алмайтын адам өмірде адасады
Іdentity деген сөз бар ғой. Қазақша кейде бірегейлік, кейде тұлғалық деп айтып жүр, ал орысша «идентичность» деп жазып жүр. Жарайды, мәселе онда емес. Қазақша «тұлғалық» деп алайықшы.
Серік Бейсембаевтың «Религиозный экстремизм в Казахстане: между криминалом и джихадом» атты зерттеу мақаласын оқыдым. 2015 жылы жазылған екен, 28 беттен тұрады.
Қызық мақала екен. Сонда адамдар, нақтысы қазақстандықтар неге радикализация құрбаны болғаны жайлы ғылыми тұрғыдан жақсы талдаулар айтылады.
Соның бірі жоғарыда айтқан «тұлғалық дағдарысқа» байланысты екені жазылған. Мақалада оны «кризис идентичности» деп көрсетеді.
Содан мынадай ой түйдім. Кей адам өзіне-өзі сұрақ қойғанда «мен кіммін» дегенге жауап бере алмайтын сәттер болады. Бұл мамандық, табыс, әлеуметтік жағдайға қатысты емес, бұл философиялық сұрақ.
Өзін кім екенін ұғына алмайтын адам, өзін басқа кеңістікпен байланыстырады. Шартты түрде қазақ өзін «қазақпын» деп түсіне алмаса, ұғына алмаса, ол «мен кіммін» деген сұрақтың жауабын басқа жақтан іздейді.
Кейбіреуі өзін этникалық қазақ бола тұра, өзге ұлтпен сәйкестендіреді. «Мен қазақ емеспін, орыспын, кәріспін, неміспін» деп жүргендер бар. Кейбіреуі өзін түрлі діни ағымнан табады.
Яғни «Мен мұсылманмын, христианмын, буддистпін» немесе «Мен үшін бірінші дін, одан кейін ұлт» дегендей. Яғни, ондай адамдар «мен кіммін» деген сұраққа жауапты діннен тапқан.
Өкінішке орай, осындай жауапты іздеу барысында көбіне радикалды топтардың (деструктивті) үгіт-насихаты бағыт сілтеп жібереді.
Қазір жастар өздеріне қойған «мен кіммін» деген сұраққа жауапты интернеттегі түрлі қате жазбадан тауып жүрген сияқты. Әлеуметтік желіде дұрыс-бұрысы белгісіз насихат көп.
ЛГБТ, діни радикалдар және басқа. Бұл насихаттың соңынан ерудің бастауы тұлғалық даму емес, керісінше тұлғалық дағдарыс-ау. Жеке ойым, мүмкін қате шығар. Алды Сирия мен Ирактан бір-ақ шығып жатыр ғой.
Сондықтан да, түрлі радикализммен күресу үшін, «мен кіммін» деген сұраққа жауап іздеген қазақ жастары, әлеуметтік желіде «Сен қазақсың, сенің салтың осындай, ұлттық киімің мынау, ұлттық ойының осы, тарихи тұлғаларың осы азаматтар» деген жауап таба алатын контенттерді көбейту керек деп ойлаймын.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.