Мүфтият қарапайым молдалардың «қанын теспей сорып» отыр

0
242

Аттестацияға қатысу үшін түркістандық имамдар қанша ақша жинайды? Ол кімнің құлқынына кетіп жатыр?

Түркістан облысында 756 мешіт және 2000-ға жуық имам (дін қызметкері) бар. Мүфтият үш жыл сайын оларды аттестациядан өткізіп іріктейді. Былтырғы қараша айында өткізілген аттестацияға мыңға жуық имам қатысты, олардың 100-ге жуығы емтиханнан өте алмай «құлады».

Аттестация комиссиясының төрағасы — бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың кеңесшісі Кенжетай Дүйсембай. Оның қасында наиб мүфти әрі оңтүстіктің кураторы Кенжеәлі Мырзабаевпен бірге мүфтияттың тағы үш-төрт діндары жүреді.

Он күн бұрын Қарабұлақ кентінде өткен, 600-ге жуық имам қатысқан аттестация комиссиясының құрамы да сондай – К.Дүйсембай төраға болды (суретте).

Аттестация басталардың алдында облыстың бас имамы Ержан Тілепов Астанадан келетін комиссия мүшелерін күту үшін (жолкүре, қонақүй, ішім-жем, гонорар) аудандардан (17 аудан бар) ақша жинауды бастайды.

Әдетте электронды ақша бас имам мен оның іс басқарушысы Алимханның каспиголдына аударылатын (былтырғы чектердің суретін қараңыз). 2023 жылдың қарашасында өткен аттестацияға әрбір ауданнан 200 мың теңгеден жиналды.

Бұдан басқа орталық мешіттің (бас имам отыратын мешіт) қызметкерлері «Астанадан құрметті қонақтар келіп қалды, ұятты болып қалмайық» деп «Құдайға қараған» кәсіпкерлерден де ақша жинайтыны бар, кейбіреулеріне «Алланың ризалығы үшін қонақ үйіңе тегін жатқыз», «Астанадан келген 5-6 қонақ мейрамханаңнан тегін тамақтанып тұрсын» деп кәсіпкерлерге салмақ салуды да дәстүрге айналдырған.

Аттестация аяқталған соң, комиссия мүшелерінің дәрежесіне қарай олардың әрбірінің қалтасына 200 мың мен 400 мың аралығында ақша салып береді екен. Шындығында, кез келген ұйымның қызметкерлері өңірге шыққанда оларға іссапар шығыны (ұшақ, қонақүй, такси, ішім-жем) рәсімделеді.

Астанаға оралған соң ол ақшаны мүфтияттың кассасынан алып алатын сияқты. Себебі, мүфтият басшылары Түркістанға келгенде іссапар қағазына «осында келіп-кеттім» деген мөр бастырып алады екен.

Биыл күмәнді қылығы мен тірлігінен ши шыға бастағанын, ол жөнінде құпия дереккөздерім мәлімет жинап жатқанын сезсе керек, бас имам Тілепов пен оның іс басқарушысы Алимхан аттестация үшін өздерінің каспиголдына ақша жинауды тоқтатты.

Аудандардан жиналған ақша қолма-қол жеткізілді немесе «Ұлмекен Т.» деген каспиголдқа аударылды. «Бұл кім екен?» деп тексеріп жіберсем, Ұлмекен іс басқарушы Алимханның әйелі екен.

Биыл қыркүйек айының 14-інен басталып 4-5 күнге созылған аттестацияға әр ауданнан 130 мыңнан ақша жиналды, 170 мың берген аудандар да бар.

Астанадан келетін діндар комиссияға ақша жиналғанмен, аттестациядан имамдар түгел өте алмайды. Былтыр 100-ге жуық имам «құлағанын» жаздық.

Осы жағдайды математикалық логиканың тезіне салып сараптасақ, аттестациядан «аман-есен» өту үшін кейбір имамдар мүфтият комиссиясымен уағдаласып астыртын «қосымша қол жалғайды-ау», сірә.

«Екі мәрте қол жалғай алмағандар», бас мүфти мен оның өңірдегі саясатын жүргізіп отырған өкіл имамға «жақпайтындар» тағы бар, солар аттестациядан өтпей далада қаңғырып қалатын сияқты.

Ал бас мүфти Наруызбай Өтпеновтың «адамдары» кез келген аттестациядан сүрінбейді-ау, сүрінбейді. Мысалы, қазіргі бас имам Ержан Тілеповтың орынбасарларының бірі – наиб имам Сүлеймен Моллатілеуұлы деген ауғандық оралман бар.

Бұл имам қазақша жазу-сызу былай тұрсын, «Түркістан», «Асхана»… деген ғимарат маңдайшасына дәу әріппен жазылған жазуды бір дыбыстап әрең оқиды. Оны облыстың бұрынғы бас имамы Еркебұлан Қарақұлов жұмыстан шығарып жіберген, ал Ержан Тілепов оны қайтадан наиб қылып қасына алды.

«Төрт-бес пән экзаменіне сүрінбей өтіп кете беретін Сүлеймен кім екен» деп, шұқылап тексеріп жіберсем, ол Бас мүфтимен рулас, соның сенімді адамы екен. Наурызбай Өтпенов Түркістанда қызмет атқарғанда дәл осы Сүлейменнің үйінде тұрыпты.

Қазір де Бас мүфти Түркістанға келгенде Сүлейменнің үйіне соқпай кетпейді. Бұдан басқа да әмпей-жәмпей қатынастары бар шығар олардың… Сондықтан Сүлеймен Моллатілеуұлы аттестациядан сүрінбей өтпесе, басқа кім өтеді?!.

Эх, тамыр-таныстық жайлаған, жең ұшынан жалғасқан, «біреуге – тоқаш берген, біреуге – түк жоқ, ол – аш қалған» қу дүние-ай, қазағымның соры болдың ғой, түге..

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан алынды.