Депутаттың анасы алаяққа алданып қалған

0
183

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек анасы бірнеше жыл бойы алаяқтар оның атына рәсімдеген несиені төлеп келгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутаттың айтуынша, алаяқтар оның бейнесін де қылмыстық мақсатта қолданған. Әр адам осылай құрбан болуы мүмкін.

«Менің анам несие алаяқтарының құрбаны болып, бірнеше ай бойы өзі алмаған несиені төлеп келді. Жақында тағы бір жақын туысымызды алаяқтар 3,5 миллион теңге несие алуға алдап көндірді», – деді Бақытжан Базарбек депутаттық сауалды оқи отырып.

Депутат алаяқтардан жүздеген миллион теңгеге шығын келетінін және мемлекеттің қазақстандықтарды осындай алаяқтардан неге қорғай алмайтынын түсінбейтінін айтты.

«Біздің құқық қорғау органдары кредиттік интернет-алаяқтықпен шынайы күресіп жатыр ма? Бізде тек бір сылтау бар – қылмыстар шетелден жасалады.

Ал әлемдік хакер-алаяқтар біздің елге шабуыл жасап жатыр. Ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге, цифрландыруға бөлінген миллиардтарымыз қайда кетті? (…) Мен еліміздегі жеке деректердің сыртқа шығуы, кредиттік интернет-алаяқтықтың өршуі, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың жоқтығы – бұл министрліктер, ведомстволар мен ұлттық компаниялардың бюджетті цифрландыру мен ақпараттандыруға жұмсау үшін қасақана әрекеттері деп ойлаймын», – деп ашуланды депутат.

Ол әрбір алаяқтық пен деректердің таралуының артында «үлкен жемқорлық» тұрғанын айтады.

«Біз жарты елді несие құлдығына түсірген ашкөз банктер мен олигархтарға мүмкіндік бердік. Енді пайдасыз мемлекеттік бақылаумен біз халықтың бір бөлігін интернет-алаяқтардың талауына беріп отырмыз», – деп қосты ол.

Депутат екінші деңгейлі банктер мен цифрлық даму министрлігі қызметкерлерінің, сондай-ақ «НИТ» АҚ-ның кредиттік интернет-алаяқтыққа қатысы бар-жоғын тексеруді талап етті.

Фото интернеттен алынды.