Тойларды арақ-шарапсыз өткізу керек пе? Ол мүмкін бе?
Әлеуметтік желіде бір мәселеге қатысты екі азаматтың екі түрлі пікірі жарияланды деп жазады Democrat.kz.
Екі азаматтың пікірі қазіргі тойларды ішімдіксіз өткізу мүмкін бе деген мәселенің айналасында. «Той ішімдіксіз өткізілсін, ондай тойға сырттан да арақ кіргізілмесін» деген Сырымбет Бекмырза:
«Арақ бар жерде шайтан жүреді. Той иесінің толтырып қойған дастарханына көңілі толмай, Алла харам еткен арақты өздері тауып ішетіндер де бар.
Мен өзімнің балаларымның үйлену және қыздарымның ұзату тойларын арақсыз өткіздім. Құдалықты да арақсыз өткіздік. Құдалардың шақырған тойлары мен құдалықтары да арақсыз болсын деп өтініш айттым.
Біздің өтінішіміз бойынша олар да тойлары мен құдалықтарын арақсыз өткізді. Жетпіс жылдықты да солай өткіздім. Арақ орнына шұбат пен қымыз бердік.
Бірақ менің арақ қоймай өткізген тойларымда адал дастарханыма көңілі толмай өздері сырттан алдырып ішкендер болды. Бұл той иесін сыйламағандықты білдіреді. Ондайлардан көңілім қалды.
Мен ондайларды адал асымды ластап кеткендер, айтылған ақ тілекке қарсы болғандар деп есептеймін. Арақсыз той өткізуді қаржым жетпегендіктен емес, айтылған тілектер адал болсын деген ниетпен солай еттім.
Арақ қоймады деп ренжіп кеткендер де болған шығар. Бірақ олардың ренжіп кеткенінен менің еш жерім қисайып қалған жоқ. Керісінше тойдың арақсыз мәнді де, мағыналы өткеніне риза болғандар көп болды.
Дастарханға не қоюды той иесі өзі шешеді. Айтылған тілектер қабыл болсын деп дастарханға арақ қоймайды. Солай ету керек.
Бірақ кейбіреулер арақ қоймасам қонақтардан ұят болады деп Алла харам еткен шарапты қояды. Арақсыз өткен той қызықты болмайды деп ойлайтындар да бар. Бұлай ету дұрыс емес. Тоқтату керек!» деп жазады.
Дәл осы мәселеге байланысты қоғам белсендісі Қанат Тастыбайұлы: » Өзгенің таңдауына талап қойып, менмендік пен тәкаппарлыққа бас ұру көтензорлық емес пе?
«Арақ қай атаңнан қалған ас еді?» деп қойып,өздері оразада құрмамен сәресін ашып жүр.
Ал араб құмында өсетін құрма қай атаңнан қалған ас еді???
Негізі арақ сусын типтес сұйықтыққа жатады, ас емес.
Бір ғана шындық бар.
Қазір жарылып кетсеңдер де арақ,темекі өнімдері ақыретке дейін пендемен бірге болмақ.
Елдің экономикасын көтеріп, ортақ қазынаға пайда түсіріп отырған да осы арақ пен темекі өнімдері.
Мешіттеріңнен, медреселеріңнен, қажылықтарыңнан мүфтияттарыңнан ел қазынасына бір тиын да түсім түсіп отырғаны жоқ.
Яғни, арақ пен темекіден осы аты аталғандарға қарағанда елге қайыр бар.
Қайырсыз періште болып өткенше,қайырлы күнәһар болып өткен артық» деп жазды.
Сіз бұл пікірлерге қатысты не айтар едіңіз, құрметті оқырман? Той-томалақты арақ-шарапсыз өткізуді міндеттеу керек пе және ол мүмкін бе, қалай ойлайсыз?
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.