Неге біз өзгені кінәлаймыз?

0
231

Қабаған иттен де жаман боп барамыз?! Заманға да, адамға да өш болдық қой. Мәймөңкелей, жақаурата айтқан сөзіңнің бір басы дырау болып біреудің басын жарғанын көксеп тұратын, тауып сөйлеген болып қауып сөйлететін жаман тілеу неге көкіректерді жидітіп жіберді?

Неге біз біреу жайлы жылы сөз айтылса іле-шала топырақ шашып, шаншыла құлағанынша күстаналаудан танбайтын болдық?! Неге ғана біз айтқан, жазған әрбір сөз, жағымсыз мінез балаларымыздың жадында қатталып жатқаны қаперден шықты?

Неге ғана мына жалғандағы жалғыз данышпан, білгір, көсем, шешен, діндар , ғалым, т.б. дәл Өзің екеніне шүбәланбайтын болдық? Ақымақтар әлеміне тап болған жалғыз ақылды өз досын, әріптесін, ұлтын түкке тұрғысыз етіп сынап жатқанда неге өзгеміз сүйінетін, тілдеген сайын жаны кіретін (самобичевание) сорқұмарға айналдық?

Неге қоғамға өз көзімізбен емес, өзгенің көзімен қарап, сөзімен елейтін болып жүрміз? Он адам мақтаса — мақтаймыз, бір адам даттаса тез айнып — даттаймыз. Кешегі қадірліңнің бүгінде бір шөкім абыройы жоқ. Абайсыз, Әлихансыз, Ахметсіз топқа айналғанымыздың бір себебі сол емес пе?

Неге біз… арды да, абыройды да таразыға тартатын болдық, келісін есептеп, теңгесін қолға ұстатады?

Неге бізде өшпенділікке қарсы иммунитет қалмады? Кеше әкесі қатарлы 60-тағы ел ағасын базарда қуып жүріп сабап өлтірген алпамсадай жігіттің ызасына майысқан есік емес, мына қоғамға деген өштік, өкпе-реніш себепкер болды деп ойлаймын.

Өңшең жақсы “Сақалды, сақалды” деп екі-үш күн бір жаманды тілдеп, сарнармыз, содан кейін ұмыт болады. Бұның қорасан жегендей бұжыр-бұжыр болған жүзіміздегі бір дақ екенін ұмытамыз, тағы бір жем ететін жаман іздейміз?! Неге біз жан мен тәнді шұрық тесік еткен дерттің емін таппады деп өзгені кінәлаймыз…

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ,

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.