«Атаңның басы!» дегің келеді» дейді режиссер

0
179

Құдайдың құдіреті… Кеше елге келдім…Әлеуметтік желіні енді ашып жатырмын. Әуелде Қазақ киносының жеңісіне бүкіл ел қуанып жатқандай көрінген. Мерейіміз аспандаған, шалқығанбыз, қалың қол шапалаққа елтігендей болғанбыз бір сәт…

Сөйтсек, тегіс олай деп ұғуға болмайды екен, көрмеген киноны қарадай қаралап, шала бүлініп жатқандар бар екен…. Ееее, Құдай… Сондағысы не дейсіздер ғой… «Фильмнің киімі алба-жұлба екен…» «Біз қазақты бейшара етіп көрсетіппіз» «Қазақты анағұрлым бейшара етіп көрсетсең, соғырлым шет ел саған призді үйіп тастайды екен» «Атаңның басы!»-дегің келеді екен дәл осы арада.

Сіз, осы сөзді айтып тұрған адам, өзіңіз секілді жүзіңіз жабылып қазақты алба-жұлба етіп емес, жалаңаш қоя берсеңіз де ондай жарыстың шаңына да жолай алмайсыз… Сенбесеңіз, ортадан ақша жинап түсіріп көріңіз, байқайсыз сосын…

Айналайындарым!

Біріншіден, мен қазақтың киімін алба-жұлба етіп көрсеткен жоқпын. Сіздер әлеуметтік желіде фильмнен кадр деп жариялап жүргендеріңіз ол әртістердің фильмен тыс уақыттағы қалай болса солай түскен фотолары, ондай жағдайда эстетикалық көзқарас әдіре қалатынын білесіздер.

Ал, киімдер сол кезеңдегі (өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары) саяси, әлеуметтік ахуалдарға сай стилдендіріліп жасалған. Қанша шыңғырып, жер сабаласаңыздар да мен сол кезеңді бейнелей отырып, шындықты белден басып, қазақты малындырып киіндіре алмаймын, өйткені, жынды емеспін.

Сол кезеңде басынан сан қасіретті өткеріп жатқан жұртымыз жұпыны өмір сүрген. Сенбесеңіз, гуглдің екі кнопкасын басып, ескі суреттерді парақтап шығыңыз. Уақытыңыз болса, Жүсіпбекті, Бейімбетті, Мұхтарды оқыңыз, көресіз, қанығасыз қазақтың киім киісіне, ахуалына.

Тіпті, ол ұлылардан көш кейін жазған Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатын» оқыңыз! Ол шығармада тіпті бас кейіпкер үйінің қараңғы түкпірінде шөп өсіп кеткенін жазады, сіз киім үлгісін айтасыз…Мен соны көре тұра, оқи тұра, сезе тұра өтірік айта алмаймын.

Ал сіз өтірікпен, «жауырды жаба тоқумен» абырой жинап жүрген жан болсаңыз, қолыңызды ешкім қақпайды, кірісіңіз фильм түсіруге! Фильмде пайдаланылған киімдер күнделікті киетін, шоқпыт киімдер емес, суретшінің қолынан шыққан, стилдендірілген дүние. Жұпыны, жамаулы, бірақ эстетикалық берер ләззаты бар, бір түсті. Қоңыр. (Қазіргі жастардың кейбір киімдерін қараңыз, әдейі жыртық үлгіде жасалған киімдердің де эстетикалық ләззаты орасан екенін еске түсіріңіз).

Екіншіден, әдебиет пен кино өнерін талдауда бірдей әдеби категорияларға сүйенеміз. Бізде әдебиет туралы ұғым қалып тасқан, ал кино туралы ұғым кемшін. Киноны жарқылдаған дүниені ғана көрсететін «өтіріктің ордасы» деп ұққанды қою керек. Төлеген ақын не дейді? «Ақын болу оңай деймісің қарағым, аузында жүру ол сыздаған әрбір жараның» дейді…

Яғни, қазақты малындырып киіндіріп, үлде мен бүлдеге орап, өтіріктің ауласында емес, сыздаған жараның аузында жүру керек режиссер!

Үшіншіден, әлем киносында «халқын алба-жұлба етіп көрсетуден» еш киногер қорықпайды. Оларда біз секілді өзін қор санау комплексі жоқ. Оған мыңдап фильмдерді мысал етуге болады.

Сіздерге Акира Курасаваның «Жеті самурай» фильмін көруді ұсынар едім, болмаса әзірге Тарковскийдің «Андрей Рублевін» ғана көріңіздерші…. Ал сіздердің мысал етіп жатқан кәріс сериалдары мен түрік сериалдары — кино емес. Ондай сыңайдағы (олардан гөрі тереңірек бірақ) тарихи сериалдар бізде де шығып жатыр ғой… «Халқымыздың байлығы мен сұлулығына, салтанатына сүйсініп» сағаттап қарап жатуға жетіп артылады.

Төртіншіден, сіздер шулап айтып жатқан «қазақты алба-жұлба етіп киіндіріп, шетелден жүлде алып жүрген» қай фильмдер? Мен білмейді екем? Жақауратып санасаңыздар, бір-екі фильмді атарсыздар… ай, атай алмайсыздар-ау…. Жоқ қой ондай фильм? Ал жарқыраған ондап жылда фильмдер шығып жатыр ғой? Ай, жандарым-ай…. Қайтейін…

Қатты асығып тұрмын, бұл тақырыпқа кейін кеңірек оралармын…

Ең бастысы, сіздер фильмді көрген жоқсыздар ғой?

Көрмей, білмей, тексермей адам өлтіре бересіздер ме?

Данияр САЛАМАТ,

кинорежиссер, продюсер.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.