Ұлттық кино саласындағы наразылық

0
179

Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізген питчиң Үкімет қаулысын елемей, қатысушылар тарапынан наразылыққа тап болды. Ulysmedia.kz тілшісі мәселенің мәнісіне үңілді.

ПИТИЧИҢ ДЕГЕН НЕ?

Питчиң – бұл киножобаның ауызша немесе визуалды таныстырылуы. Әдетте киножобаны сценарист, продюсер, режиссер таныстырады.

Маусымның соңында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы киножобаларға питчиң өткізді. Мақсат – отандық киноиндустрияға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсету.

– Жаңа ережеге сәйкес, Ұлттық киноны қолдау орталығы сценарийлерді қабылдайды, олардың ең үздігін сарапшылар кеңесі таңдайды. Ұлттық мүдде мен идеологияға бағытталған жобалардың жеңіп шығу мүмкіндігі жоғары. Жақын арада жаңа форматтағы байқау жарияланады, — деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева байқау қарсаңында.

Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 1 сәуірдегі бұйрығымен құрылған Сарапшылар кеңесі фильмдерді іріктеді. Сарапшылар кеңесінің қорытынды есебі наразылық туғызды.

НАРАЗЫЛАРДЫҢ УӘЖІ

Біріншіден, жоғарыда аталған бұйрық ҚР «Кинематография туралы» Заңының 13-бабының 6-тармағына сәйкес берілген. Алайда, онда «Фильмді ұлттық деп тану және Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балаларға арналған анимациялық фильмдер мен отбасылық көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қаржыландыру туралы ұсыныстар әзірлеу мақсатында Сарапшылар кеңесі құрылады» деген сөз бар. Алайда кино өндірісін қолдау мен қаржыландыру туралы айтылмаған.

Екіншіден, ҚР «Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі No 480-V Заңының 35-1-бабына және 2-тармағының 7-тармақшасына сәйкес, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығы Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге алынуы тиіс. Онсыз министрдің бұйрығының заңдық күші болмайды.

Сонымен бірге бұл бұйрық нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде жоқ болып шықты, Заңның 37-бабына сәйкес, бұйрық міндетті түрде ресми жариялануы керек. Бірақ ондай жарияланымды біз көрген жоқпыз.

Заңда белгiленген тәртiппен тiркелмеген, мемлекеттiк тiркеуге жататын нормативтiк құқықтық актiлердi сол бұйрықты шығарған орган жоюы тиiс.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №113 «Ұлттық киноны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталық құру туралы» қаулысының 4-тармағына сәйкес сарапшылық кеңес құрылды, оның құрамы жаңарды.

Үкімет қаулысы өз күшінде және билік тармағына сәйкес ол министрдің бұйрығынан жоғары тұрады.

Көптің көкейіндегі сұрақ: сонда жоғарыда айтылғандардың барлығы жаңа Сарапшылар кеңесінің жұмысы заңсыз дегенді білдіре ме?

САРАПШЫЛАР ЖҰМЫСЫ КҮМӘНДІ

Бұл кеңестің жұмысына қатысты сұрақтар көп. Осылайша, Министрдің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 64 бұйрығымен ұлттық фильмдер атауына қойылатын талаптарға сай келетін киножобаларды іріктеу және оларды шығаруға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету қағидаларының 11-тармағының 6-тармақшасына сәйкес конкурстық іріктеудің бірінші кезеңі ол аяқталған күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде хаттамамен ресімделеді. Алайда бұл жолы ереже бұзылды. Бірінші кезеңнен өте алмаған жобалардың иелеріне дәлелді негіздемелер берілмеді.

ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАРДАН ҚҰРАЛҒАН КЕҢЕС

Сарапшылық кеңестің құрамында Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы, директорлар кеңесінің мүшесі – Құрманбек Жұмағали, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов, тәуелсіз директор ретінде бұрынғы КВН мүшесі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев пен «Эйр Астанадан» тәуелсіз директор Лейла Ник-Заде бар.

Ал басқарманың өзінде төрағаның кеңесшісі Зарина Баянова, басқарма төрағасының стратегиялық даму және құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Күләш Мұхтарова, басқарма төрағасының киножобаларға мониторинг жөніндегі орынбасары Бауыржан Шүкенов бар.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанындағы Сарапшылық кеңесті біраз жылдан бері Досхан Жолжақсынов басқарады. Кеңестің өзі бірнеше бағытқа бөлінген: 9 адам «Көркем фильм» бөлімінде, 5 адам «Деректі және кинохроника» бөлімінде, 6 адам «Анимациялық фильм» бөлімінде  сарапшылық етеді. Олардың қатарында Мәжіліс пен Сенат депутаттары да бар, бұл, әрине, Сарапшылық кеңестің құрамын күшейту мақсатында жасалған болуы керек.

ЖАНЫ АШЫҒАННАН АЙТАМЫЗ

Мәселенің нүктесін осы жерден қоя салуға да болушы еді. Алайда біз осымен тікелей айналысуы тиіс мемлекеттік органдардың жұмысын біраз жеңілдеткіміз келеді. Себебі олар қолданыстағы заң мен ережені аяқасты еткендерді жауапкершілікке тартпай отыр.

Айтпақшы, егер мемлекеттік орган заңда көрсетілгендей бас тарту себебін дәлелдермен негіздей алмаса, онда оны жауапкершілікке тартудың бірнеше жолы бар:

— Сотқа мемлекеттік органның әрекетсіздігіне, яғни негізді дәлелдерсіз бас тартуға байланысты әкімшілік шағым түсіру;

— Прокуратураға заңды белінен басқан мемлекеттік органның үстінен шағым түсіру;

— Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке мемлекеттік қызмет туралы заңның орындалмағанын айтып, шағым түсіру.

Олар қызметтік тексеріс жүргізіп, тәртіптік шара қолдануы мүмкін. Осыдан кейінгі іс-әрекеттер жағдайға байланысты болатынын атап өткеніміз жөн.

БІРТҮРЛІ ЕСКЕРТУЛЕР

Айта кетейік, Сарапшылық кеңестің кейбір мүшелерінің сөйлеген сөздері де біртүрлі болды. Атап айтқанда, «Сапфир операциясы» жобасының питчиңін режиссерлер Рашид Нұғманов пен Тимур Бекмамбетов қорғады.

«Сапфир операциясы» — Bazelevs және Cinegram студияларының бірлескен туындысы. Кездесудің толық нұсқасы Рашид Нұғмановтың YouTube парақшасында жарияланды.

Мысалы, Сарапшылық кеңестің бір мүшесі мынадай сұрақ қойып отыр:

– Сценарийде АҚШ-тың үстемдігі, оның әлемді құтқарып қалатын мега күші туралы қозғалған ба, біздің ел «үшінші елдер» жағдайында көрсетілген бе?

Тағы бір «сарапшы» былай дейді:

– Бұл жобаны қолға алып, сценарий жазуға кіріскенде, «Астанамен сол жерде сөйлесеміз» деген сөзіңізден жалпы хабарыңыз бар ма? Сіз сценарийге кіргізіп отырған осынау тіркес жайлы Президент біле ме? Сценарийді Президент оқып шықты ма, Бекітті ме?

МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ

Мәдениет және ақпарат министрлігі Үкімет қаулысын көзге ілмей отыр, бұл мына жайттар үшін қауіп тудыруы мүмкін:

— заңдылықты бұзу және мемлекеттік мекемелерге деген сенімге нұқсан келтіру, мемлекеттік нормативтік актілерді елемеу министрлік әрекетінің заңдылығына күмән келтіреді;

— сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, өкілеттіктерді теріс пайдалану, тиісті бақылаудың болмауы және министрліктің үкімет шешімдеріне бағынбауы лауазымды тұлғалардың жеке немесе корпоративтік мүдделерін жүзеге асыруға мүмкіндік туғызуы мүмкін;

— тежемелік пен тепе-теңдік жүйесінің әлсіреуі, мүдделер қақтығысы биліктің шоғырлануы мен авторитаризмге толы атқарушы биліктің заң шығарушы билік алдында есеп беру тетіктеріне нұқсан келтіреді;

— сыртқы саясаттың теріс салдары, үкімет шешімдерін елемеу серіктестер мен инвесторлардың сеніміне нұқсан келтіретін сәйкес келмейтін және болжауға болмайтын саясаты бар елдің имиджін қалыптастыруы мүмкін.

— тежеу тетігі мен тепе-теңдік жүйесінің әлсіреуі мүдделер қақтығысына әкеп соғады. Өйткені биліктің бір қолға шоғырлануы атқарушы биліктің заң шығарушы билік алдында есеп беру тетіктеріне нұқсан келтіреді;

— Үкімет шешімдерін елемеу инвесторлардың билікке деген сеніміне нұқсан келтіреді әрі елдің имиджіне ауыр соққы болады.

Осылардың бәрін болдырмау үшін барлық мемлекеттік орган билік иерархиясын қатаң сақтауы тиіс. Сонымен қатар заң аясында әрекет етуі, қабылдаған шешімдері үшін жауап беруі маңызды. Бұл мемлекеттік басқару саласының тиімділігі үшін қажет шара.

СӘТСІЗ НӘТИЖЕ

Сонымен, нәтиже қандай? Питчиң заңсыз өтті. Себебі оның құрамы заңда көзделген тәртіппен бекітілмеді. Питчиңге қатысқан шығармашылық адамдары атқарушы биліктен түңіліп кетті.

Жоғарыда сипатталған заңбұзушылықтарға қарап, атқарушы биліктің Президент айтқан қағидаға қарсы әрекет етіп жатқаны қай сасқаны дерсің.  Қ.Тоқаев «Әділетті қоғам» құрамыз деп еді. Әр азамат заң алдында тең, олардың мүмкіндіктері де тең дегенді айтқан.

Әрине, Аида Балаева Үкімет қаулысын өзінің бұйрығымен әдейілеп бұзды дегенге сену қиын. Өйткені Ақорда көрген маманның Президент сөзіне қарсы әрекет етуі мүмкін еместей көрінеді.

Бұл бұйрықты шығаруға министрді көндірген кім немесе кімдер? Аида Ғалымқызы осыған жіті мән беруі тиіс. Ал Ұлттық киноны қолдауға бюджеттен миллиардтар бөліне берер, бастысы, ол ұлттық бояудан ада болмаса болғаны.

Фото интернеттен алынды.