Әрбір оқушыға мемлекет ақша бере ме?

0
419

Әлеуметтік желіде қазақстандық оқушыларға мектеп формасы мен оқу құралдарына деп 45 мың теңгеге дейін ақша берілетіні туралы ақпарат тарады. KAZ.NUR.KZ тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне хабарласып, ақпараттың анық-қанығын білді.

Желі қолданушылары Қазақстанда мектепте оқитын әр балаға 45 мың теңгеден берілетіні туралы жазып жатыр.

«Білетініңіз бар, білмейтініңіз бар. Бөлісейін деп шештім. Отбасыңызда мектепте оқитын бала болса, 18 жасқа дейінгі бір балаға 45 мың теңге формаға ақша беріледі. Бір-екі бала болса да, АӘК алсаңыз да, алмасаңыз да беріледі», — деп жазды Instagram-да стори бөлімінде желі қолданушысы.

Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметі ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, биыл жарты миллионнан астам (500 мыңнан астам) бала «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан материалдық көмек алады. Аталған көмек әлеуметтік осал санаттағы балаларға беріледі.

«Олардың қатарында АӘК алатын отбасындағы мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары бар», — деді министрлік өкілдері.

Оқу-ағарту министрлігі өкілдері ата-аналардың есепшоттарына қаражат аудару арқылы көмек көрсету тетігін жетілдіру шараларын қабылдағанын хабарлады. «Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, осылайша сапасыз тауарларды алудың алдын алады.

Қазіргі таңда әр білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде − 43 407 теңге қаражат белгіленген», — деп жауап берді министрліктегілер.

Оқу-ағарту министрлігі өкілдері соңғы үш жылда материалдық көмек көлемі 2,5 есеге, яғни 17 мыңнан 43,5 мың теңгеге дейін өскенін атап өтті. Қазір аймақтарда оқу құралдары мен қажетті тауарларды сатып алу үшін қаражат аударылып жатыр.

Осы уақытқа дейін 77,8 мыңнан астам баланың ата-анасының есепшоттарына 3,4 млрд теңгеден астам қаражат аударылған. Көмекті алу үшін ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазу керек, осы санатқа жататының дәлелдейтін құжат қажет.

Фото көрнекілік үшін алынды.