Аға буын арасында мисыздар өте көп
Қарап тұрсаңыздар “Жастар орын бермеді”, “Қазіргі жастар наглые” деген видеолар өте көп. Шындығында аға буын арасында мисыздар өте көп. Жастардың “Жастығын” кешіретін сана жоқ. Өз өмірімнен бірнеше мысал айта кетейін.
1996 жылы педагогикалық колледж бітіріп келіп, бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс бастадым. Сол жылы алғаш рет жаңа жылдан кейін қонақта вино іштім.
Екі бетім қып-қызыл болып жүрек соғып жаман болдым. Ертеңі жұмыста басым лық-лық етеді. Завуч 50-лер шамасындағы апай бірден сезді. Ол кезде ертеңінде ауызда перегар деген бәле болатынын білмейтін едім.
“Апай тұмау тиіп, басым шағып тұр” дедім. Жымиып күлді де “Асханаға барып қою кофе ішіп ал да дұрыстап сабағыңды өткіз” деді. Содан кейін виносы құрсын деп, 4-5 жыл жоламадым. Бір жылдан кейін бір отырыста әлгі апай: “Перегар ұрып тұр, тұмау деп қояды” дегенде бәріміз құлап күлдік қой. Айтқым келгені қазір ондай жағдай болса дереу үстіңнен жазып жібереді. “Жастар оңбаған” деп артыңнан сөз ертеді.
Балам пауэрлифтингтен 18 жасында жарыста белін ауыртып алды. Омыртқаның қанаттары сынған. Бірнеше ай емделіп, көп қиналды.
Кезекті ем алудан келе жатып автобуста ұлыма орын беріп, өзім қасында тұрдым. Автобусқа менен біраз жас үлкен әйел кіріп, бірден ұлыма қадалды. “Инвалид құсап нағып отырсың, уступи место” деп.
Ұлым үндемей отыра берді сынған жері онсыз да сол аяғына беріп аяғын сылтып басып жүрген, жанды жеріне тиді. Өзімді әзер ұстадым. Еңкейіп ұлымның басынан иіскедім де үндемедім.
Сонда “Жастар, жастар” деп шаңқылдағанда өзіміздің өмір көрген үлкендігіміз қайда қалды?
Санжар Керімбайдың “Жастар армансыз” деген мағынадағы жазбасын оқыдым. Керісінше қазіргі жастардың арман-мақсаты көп. Көбісі шет тілін үйреніп, оқудан соң кафе-ресторандарда жұмыс жасап, қосымша сабақ оқып жүр. Қызым Алматыда студент болғанда айтатын “Группада сабақтан соң жұмыс жасамайтын ешкім жоқ, мен де жұмыс жасаймын” деп онлайн ағылшын тілін үйрететін.
Елімізде білімді жастарға орын жоқ болса не істейді енді, шетел аңсайды!
Кінә жастарда емес, кінә мына бізде! Жаңа технология, заманауи үрдіске ілескіміз келмей ауылдағы қой кезекті, қырдан терген тезекті, қолмен жуған кірді, пештегі күлді аңсаймыз!
Айна КЕРЕЙ, қоғам белсендісі.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.